Еңбегі — ерек, болмысы — бөлек

Еліміздегі еңбек майталмандарының бірі 70 жасқа толып отыр. Мерейтой иесі – темір тұлпарды тізгіндеп ұзақ жылдар туған ауылында қажырлы еңбек еткен, «Батыр қыз» атанып, аудан, облыс, республика, бұрынғы одақ көлемінде абырой-атақтарға ие болған Нұрбақыт ҚАБДІКӘРІМҚЫЗЫ апамыз.

Өткенге көз жүгіртіп, өмір жолы өнегелі замандастарымыз жайында ұрпаққа ұлағатты сөз айтып отыру – тағылымы зор талаптардың бірі. Бұл күндері рухани өмірімізге еніп жатқан халықтық тәрбиенің бастауы да осыған саяды. Егемендікке қол жеткеннен бері Қазақстан Республикасы нарық қыспағы жағдайында болғанымен, көптеген жақсы бастамалар жалғасын табуда. Иә, сәтті істер күнделікті өмірімізде атқарыла береді де. Дегенмен, «өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайды» деген тәмсілге жүгінсек, әр елді мекен – шежіре қайнары. Расында да, өткенді жете білу арқылы бүгінгіні анық түсінеміз. Өткенімізді саралап талдау арқылы ұрпақтарды ілгері жетелей береміз.

Сондықтан, бұл мерейтойдың басқа тойлармен салыстырғанда алар орны ерекше. Өйткені, темір тұлпарды тізгіндеп аудан, облыс көлемінде «батыр қыз» атанған бірегей жан – осы Нұрбақыт. Ол – батырлар мен қазақ өнерінің жұлдыздары шыққан қасиетті өңір Мартбек Мамыраев ауылының шынайы мақтанышы.

Кезінде аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі болған 1 май совхозы шопандар ауылы ретінде облысқа әйгілі болғаны белгілі. Осы төңірек бұрын Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Ақсары болысының 20-сыншы ауылына қараған. Сол ауыл негізінде 1931 жылы колхоз, 1963 жылы совхоз болып құрылды. Қазір Мартбек Мамыраев ауылдық округі ретінде ондаған шаруа қожалықтарының басын біріктіріп отыр. Ақжол ауылынан шыққан белгілі адамдарға тоқталғанда, осы топырақтан шыққан халық қалаулылары туралы қалай айтпай кетеміз? Бұл ауылдан Нұрбақыт апамыздан басқа Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің үш депутаты шыққан. Олар – кезінде колхоз председателі болған Қойшыбек Еділбаев, ауыл Советтің төрағасы қызметін атқарған Шәкітай Жанғозин, сауыншы Жұмаш Ақылтаева және сол аға-апаларының ізін жалғастырушы Нұрбақыт Қабдікәрімқызы.

Ауылдың қарапайым қызының атақ-даңқы өткен ғасырдың 80-ші жылдары мұқым елге әйгілі болды. Совет Одағының Батыры Мартбек Мамыраев атындағы совхоздың механизаторы Нұрбақыт Қабдікәрімқызы өзінің тамаша еңбексүйгіштігі, алғырлығы мен жұмыс нәтижесінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, СССР Жоғары Советінің депутаты болып сайланды.

Нұрбақыт апамыз 1948 жылғы 3 қарашада Қарқаралы ауданының Сартау селолық кеңесінде дүниеге келген. 1966 жылы Қарқаралы қаласындағы Жәутіков атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін 1968 жылдың аяғына дейін 1май совхозында көмекші шопан болып жұмыс істеген. Ал, 1969 жылдан бастап, 1990 жылдың орта шеніне дейін Мартбек Мамыраев атындағы совхозда механизатор болып еңбек етті. Нұрбақыт өзінің қажырлы еңбегінің арқасында аудан, облыс, республика, бұрынғы Одақ көлемінде абыройға бөленіп, көптеген атақтар мен марапаттарға ие болды. Ол Қарағанды Қазақстан ЛКЖО XVI съезінің, БЛКЖО XVII съезінің делегаты. Қарқаралы аудандық партия комитетінің мүшесі. XV шақырылған Қарағанды облыстық кеңесінің, XI шақырылған СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы XV съезінің, Қазақстан әйелдерінің II съезінің және СССР Кәсіподағы XVII съезінің делегаты. 1975 жылы Ресейдің Краснодар өлкесінде өткен Бүкілодақтық механизаторлар съезінің делегаты мандатын иеленген. 1973, 1982 жылдары Ақжол селолық кеңесінің депутаты болып сайланған. 1984 жылы Алматы қаласында өткен Тың көтерудің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысушы.

Нұрбақыт Қабдікәрімқызы 1972 жылы Ленин орденімен наградталса, 1982 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауына Ленин ордені және Орақ пен балға алтын медалін тақты. Оның осындай биік шыңға шығуына трактордың тізгінін тұңғыш ұстаған қазақ қызы, Социалистік Еңбек Ері, майталман механизатор Кәмшат Дөненбаеваның ықпалы ерекше болған екен. Сонау 1975 жылы Краснодар өлкесінде өткен қыз-келіншектердің Бүкілодақтық съезінде танысқан екеуі кейін де өзара байланыстарын үзген емес. Кейіннен облыстық «Орталық Қазақстан» газеті арқылы Кәмшат Дөненбаеваға хат жазып, оны социалистік жарысқа шақырды. Онысы – майталман механизатордан, яғни, айтулы шеберден асып түсейін деген ой емес, керісінше, өз пікірін баспасөз арқылы білдіріп, республика бойынша қыз-келіншектер арасындағы бәсекелі жарысты бастағысы келгені. Аталған бастама әр деңгейлі партиясовет ұйымдарынан қолдау тауып, әйелдер қауымын техника тілін меңгеруге шақырған үлкен қозғалысқа ұласты.

Осынау 80-ші жылдары облыс, аудан көлемінде механизатор қызкеліншектердің қатары ең көбі 1май совхозы болды. Жалпы, сол кезде техникаға әуестік танытқан қыз-келіншектер баршылық еді. Соғыстан кейінгі жылдары тракторға отырған ақжолдық Жәйкен Жүнісова апайдан бастап, осы ауылдан шыққан тұңғыш комбайншы әйелдер – Дәметкен Байбосынова, Мәрия Омарова, Қорлан Бейсенова, «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» орденді Үміт Ахметова, Сағила Яруллина, Люба Фаттахова, Шолпан Жолдыбалина, «Восток» совхозынан шыққан механизатор Баян Мәкеева, Нұркен ауылынан Фатима Оралбаева, Егіндібұлақ ауданы, «Комсомол» совхозынан Шолпан Рақымтаева сол тұста ерен еңбектерімен ерекше көзге түскендерін айта кету керек. Темір тұлпарды тізгіндеген қыз-келіншектердің басым дені еңбектері бағаланып, Үкімет наградаларына ие болды.

Еңбектің көрігін қыздырған Нұрбақыт апамыз сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі заманда қаншама жыл тізгіндеген алып К-700 тракторын біржола тапсырып, зейнеткерлікке шыққанша ауыл әкімдігінде жемісті қызмет істеді.

Еңбек көрігін қыздырып, өзгелерге үлгі көрсеткен апамыз күні бүгінге дейін аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық-саяси шараларға белсене араласады. Салауатты да салиқалы өмірімен кейінгі жас ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.

Рымбек СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.