Руханият

Домбыраның сиқырлы үні

Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай, Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында «Домбыра – ғасырлар сарыны» атты кездесу кеші өтті. Шараның басты қонақтары ҚР мәдениет қайраткері, жазушы Кәмел Жүністегі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай болды.

Кәмел Жүністегі ағамыз қайрат­ керлігі, жазушылығымен қатар, та­рихи жәдігерлерді жинаушы ретінде де мәшһүр. Жеке мұрағатында Арқа­ның жеті домбырасының алтауы бар. Жетіншісін іздеп жүр… Сондағы мақсаты – қазақтың киелі аспабын ортаға оралтып, оның иелері жайлы мәліметтерді, сол домбыраны қол­ данған күйшілердің күйлерін жас ұрпаққа жеткізу. Көптеген тағдыр теперішін басынан өткізсе де, «елім, жерім» деуден бір сәт те танбаған. Көзіне жас ала отырып, қазақтың күйі, оның ішіндегі Арқа күйшілік мектебі жайлы естеліктерімен те­ бірене бөлісті.

Домбыра күнін тойлағанымыз қуантады, әрине. Алайда, оның мәнін жете түсінбей жүрміз бе деп қорқа­мын. Менің қолымда Итаяқ, Қыздар­бек, Сембек, Әбді сияқты ұлы күй­шілердің домбыралары мен күйлері бар. «Соларды жазып алыңдар» деп, облыстық, республикалық деңгей­ дегі талай құрылымдарға бардым, ешқайсысы селт етпеді. Менің мін­детім ұрпаққа рухани азық болатын асыл мұраларды сенімді қолдарға тапсыру ғана, – дейді ол.

Белгілі күйші Жанғали Жүзбай, талантты жас күйші Манап Анықбеков, Аққыз күйшінің жиені, өнерін насихаттаушы Болат Тәкішев орындаған күйлер жұртты әдемі әсерге бөледі.

– Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Мәңгілік сарын», «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» атты жинақтар жарыққа шықты. Ұлттық арнадағы «Ұлы Дала сазы» телебағдарламасы арқылы Қарағандының 7-8 дәулескер күйшісі Арқаның Дәулетбек, Орал сияқты біртуар ағалары- мыздан келе жатқан ұлы сазды, көне, сирек орындалатын күйлерді орындап, жалпақ жұртқа паш етті, – деді Жанғали Жүзбай.

Тарихи күйлердің шығу тарихын айта отырып, көрермендердің қойған сұрақтарына да майын тамыза, жауап берді қонақтар. Әсіресе, Қыздарбек күйшінің «Сылқым қыз» күйінің туу тарихы әжелер мен апалардың жүрегін елжіретті, жастық шақтары естеріне түссе керек-ті. Кәмел ағаның айтуынша, қолындағы домбыралары мен күй мұраларына шетелдіктер ықылас танытып, іздеп келіп жатады екен.

Күй – ақсүйек өнер. Санаулы адам жиылса да кеш өз деңгейінде өтті. Домбыраның сиқырлы үнін ұйып тыңдаған көпшілік, қонақтарға гүл шоқтарын ұсынып, ықыласын танытып жатты. Ұйымдастырушылар атынан Мәдениет үйінің басшысы Жаролла Әкішев сөз сөйлеп, қонақтарға ыстық лебізін білдірді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button