«Дипломмен — ауылға»: оңтайлы бағдарламаға — он жыл

Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңғырту. Ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың жігерін жанып, ынтасын арттыратын бұл мемлекеттік бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан да тыс қалмады. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. Теңгеге жеткізуді тапсырған болатын.

Жолдауда «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Айта кетейік, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы осыдан тура он жыл бұрын – 2009 жылдан бастап қолға алынған болатын. Бағдарламаның басты мақсаты ауылдық елді мекендерге мамандар ағынын арттыру еді. Мәселен, бағдарлама қолға алынғанға дейін ауылдық елді мекендерде жұмыс жасауға жыл сайын 3300-ге жуық маман ғана бел буса, кейін бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар. Бұл ретте, ауылда өмір сүріп, жұмыс істеуге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары барын да тілге тиек ете кету қажет.

Әлеуметтік қолдау деп отырғанымыз – бірыңғай көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несиелер. Айтайық, аталған бағдарлама бойынша 2016 жылы 2892 маманға 8,6 млрд. теңге, 2017 жылы 3412 маманға 11 млрд. теңге, ал, өткен 2018 жылы 3786 маманға 13,7 млрд. теңге бөлінді.

Жалпыдан жалқыға көшетін болсақ, өткен жылы 1 маманға берілетін көтерме жәрдемақы мөлшері 70 айлық есеп көрсеткішіне (АЕК), яғни, 168 350 теңгеге жетті. Бұл ретте, тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік несие 1500 АЕК-тен аспайтын сомаға (3 607500 теңге) тең екенін де айта кету қажет. Инфляция деңгейі де ескерусіз қалған жоқ. Бірыңғай көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие көлемі жыл сайын шамамен 7%-ға артып отырады.

Осы тұста, бағдарламаға қатысушы мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы 2014 жылдан бастап жергілікті бюджет иығына артылғанын да айтпай кетуге болмас. Жергілікті демекші, өткен жылы облыс бойынша аталған бағдарлама шеңберінде бірыңғай көтерме жәрдемақы ретінде 376 маманға 63,3 млн. теңге бөлінді. Олардың қатарында білім саласының 257 маманы, денсаулық сақтау саласының 88 маманы, 9 мәдениет қызметкері, спорт саласының 9 маманы және агроөнеркәсіп кешен саласының 13 маманы бар. Ал, тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие ретінде 239 маманға 815,8 млн. теңге сомасында берілді. Соның ішінде, білім беру ісінің 160 маманы, денсаулық сақтау саласының 57, мәдениет саласының 9, спорт саласының 4, агроөнеркәсіптік кешен саласының 9 маманы қаржылай қамтамасыз етілді.

Республика немесе облыс көлемінде бөлінген бұл жәрдемақылар мен бюджеттік несиелердің аз, не болмаса көп екенін кесіп-пішіп айта қою қиын. Десе де, бұдан бірер жыл бұрын Парламент Мәжілісінің отырысында «Nur Otan» партиясы фракциясының бірқатар мүшелері аталған бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемін арттыру мәселесін алға тартқан болатын. Партия мүшелері үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие мөлшерін 2 мың АЕК-ке, сондай-ақ жәрдемақы мөлшерін 70 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғайтуды тілге тиек еткен еді.

Сол кезде аталған ұсынысқа түбегейлі назар аударылмағанымен, партия мүшелерінің байырғы пікірін биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елепескерді. Сөйтіп, алдағы уақытта бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Жас маман үшін жағымды жаңалық, әрине.

Осыдан 2 жыл бұрын бұл бағдарламаның игілігін көрген жас маманның бірі – Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі №132 мектептің география пәні мұғалімі Гүлден Ұланқызы еді.

– 2017 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі №132 мектепке қызметке орналастым. Бірыңғай көтерме жәрдемақы ретінде 170 мың теңге, бұдан бөлек, үй алуға 3 678000 мың теңге берілді. Мемлекет тарапынан осындай қолдау барына дән ризамын, – дейді Гүлден Ұланқызы.

Осы күні бағдарлама аясын кеңейтіп, оған моноқалалар мен шағын қалаларды енгізу керек деген пікір де жиі айтылып келеді. Себебі, шағын қалаларда да білікті маман мәселесі күн тәртібінен түспей отырғаны белгілі. Мәселен, осы жылдың өзінде облыс аумағындағы шағын қалаларда орналасқан бірнеше денсаулық сақтау мекемелеріне дәрігерлер тартылып, қызметтік пәтер кілттері берілуде.

Жалпы, аталған бағдарлама бойынша осы жылы облыс көлемінде 209 маманға 791,6 млн. теңге қарастырылып отыр. Бұл өз кезегінде, дипломын енді ғана қолға алған, еңбек өтілін қалыптастырып, тәжірибе жинап үлгермеген аймақтағы жас мамандар үшін айтарлықтай қолдау болары сөзсіз.

Рауан ҚАБИДОЛДА