Жаңалықтар

Денсаулық пойыздары сапарға шығады

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайынғы дәстүрі бойынша денсаулық пойыздарын шығармақшы. Игі шара биылғы жылғы 1 мамырдан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК бірлесіп жүзеге асырылатын болады.

Жоспар бойынша шалғай елді мекендердің тұрғындарын медициналық тексерістен өткізіп, қажетті көмек беруді көздейтін медициналық пойыздар республика көлемін аралап шығады. Олар азаматтарға тұрғылықты жерлеріне, яғни, тіркелуіне қарамастан сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтер ұсынады.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

Медициналық пойыздар өз жұмысын 1 мамырдан бастап жылдың соңына дейін атқаратын болады. «Саламатты Қазақстан» пойызы 1 мамыр мен 30 қараша аралығында қызмет көрсетеді. Ал, «Денсаулық» пойызы сапарын 1 маусымда бастап, 31 желтоқсанда аяқтайды.

Вице-министр биылғы жылы медициналық пойыздар еліміз бойынша 220 станцияны, оның ішінде, станцияға тақау орналасқан елді мекендерді аралап, 89 мыңнан астам қазақстандыққа медициналық көмек көрсететіндігін жеткізді.

Аталмыш пойыздардың қызметіне республикалық бюджеттен 230 млн. теңге бөлу жоспарланған. Өткен жылы ел аумағын аралап шыққан медициналық пойыздар 127 станцияға ат басын бұрып, 40 мыңнан астам халықты тексерістен өткізгенін айта кеткен жөн.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Басқа материалдар

Back to top button