Руханият

Дәрия дүркіретіп той өткізді

Қарағанды облысымен құрдас Дәрия бекетіне биыл – 80 жыл. Осы мерейді ауыл тұрғындары астатөк той қылып, азаматтары туған жұртының мейманасын асырды. Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовтің қатысуымен өткен мерекелік шарада аламанға ат шаптырып, көкпар тартып, түрлі спорттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды.

Түстік пен терістікті жалғайтын темір жол бойындағы Дәрия бекеті 1836 жылы құрылғанымен, тарихи тамыры тереңде. 1816 жылы Сібір корпусының әскери экспедициясымен Ақмолаға келген майор Набоковқа мыңға тарта қол ерткен Тама Торғай батыр кездескен. Батыр майорға өздерінің Бұғылы тауының бауырындағы Дәрі өзенінің бойын жайлайтындарын айтқан. Темір жол бекеті салынған бертініректе ҚарЛагтың Бұрма бөлімшесіне қараған мұнда 1952-1954 жылдары атақты абай-шәкәрімтанушы, М.Әуезовтың шәкірті Қайым Мұхаметханов отырған екен. Ауыл тарихын тәптіштеп, баяндама жасаған Абай Құрымбаев алға тартқан деректің бірі – осы.

Темір жол бекетімен қатар бұл жерде өңір бойынша алғаш «Паравоз депосы» ашылған. Сондай-ақ, сол жылдары бой көтерген орта мектеп-интернат, клуб, кітапхана, наубайхана, монша, аурухана, қос қабатты үйлер әлі күнге дейін кәдеге жарап тұр. Осындай нысандар орын тепкен ауылдың тұрғындары шат-шадыман. Туған жердің тарихын ұрпақ бойына сіңіріп, ауыл мәртебесін көтеріп мәз. Аламанға ат шаптырып, жастары көкпар тартса, өңге спортшылар кір тасын көтеруден сайысып, футбол ойнап, қол күрестен білек күшін сынасты. Аудандық мәдениет үйінің әртістері қойған концерт ауыл тұрғындары мен қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

Жәнібек ӘЛИМАН.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button