ҰБТ: құжат қабылдау аяқталды

ТАЛАПКЕРЛЕРДЕН ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУГЕ ҚАТЫСУ ЖӨНІНДЕ ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ 10 МАМЫРДА АЯҚТАЛДЫ. БІРАҚ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ НЕМЕСЕ ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ЕСЕБІНЕН ҚАРАСТЫРЫЛҒАН БІЛІМ ГРАНТЫН БЕРУ КОНКУРСЫНА ҚАТЫСУ ЖӘНЕ ЖОО-ҒА АҚЫЛЫ НЕГІЗДЕ ОҚУҒА ҚАБЫЛДАНУ ҮШІН ҰБТ-ҒА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШТЕРДІ ҚАБЫЛДАУ 10 МАМЫР МЕН 5 МАУСЫМ АРАЛЫҒЫНДА ЖАЛҒАСАДЫ.

Оған халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының түлектері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ азаматтары үміткер бола алады.

Айта кеткен жөн, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеу осы жылғы 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Биылдан бастап түлектер ЖОО-ға ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында) тапсыруда. Ал, грант бойынша білім алғысы келетіндер маусым айындағы ҰБТ-ға қатысуы – міндетті.

Маусым айындағы ҰБТ сертификаты грант беру конкурсына қатысуға немесе жоғары оқу орнына ақылы негізде қабылдануға мүмкіндік береді. Өтініштер ҰБТ-ны өткізу пункттерінде және желілік жоғары оқу орындарында қабылданады. Ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар талапкерлер «Шет тілі (ағылшын тілі)» пәні бойынша ҰБТ-дан босатылады.

Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының айтуынша, биылдан бастап грант білім беру бағдарламаларының топтары бойынша берілетін болады. Ол топқа бірнеше бағдарлама кіреді. Жоғары оқу орнына қабылдау кезінде талапкер нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Грант беру конкурсы кезінде талапкердің бейіндік пәндері сәйкес келген жағдайда 4 білім бағдарламасы топтарына дейін таңдауға мүмкіндігі бар.

Аяулым СОВЕТ