Жаңалықтар

Бруцеллезден қауіп көп

Төрт түлік өсіруде кездесетін қиындықтарының бірі – мал індеті. Осыған орай, жыл сайын анықталатын бруцеллез ауруы туралы жан-жақты мәлімет алу мақсатында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Данияр МЕРҒАЗИНМЕН сұхбаттасқан едік…

– Данияр Мерғазыұлы, бруцеллез қалай таралады?

– Эпизоотиялық ошақтарда жүргізілген зерттеулер аурудың таралуына адами факторлар себепші болатынын көрсетті. Атап айтқанда, кейбір адамдар басқа жақтан мал әкелгенде немесе сатқанда жергілікті мал дәрігерлерін ескертпейді. Сырттан құжатсыз әкелген малды карантинге қоймай, жұқпалы ауруларға зерттеместен ауылдың табынына, шаруа қожалығының малына қосады. Көбінесе, мал иелері ауру анықталған сиырдың бұзауын етке өткізбей, жасырып, алып қалады. Көктемде және күзде қораға зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілмейді. Тіпті, бруцеллез анықталған малдарын уақытылы етке өткізбей, ветеринариялық зертханаға сенімсіздік білдіріп жатады. Мал иелері «малымыз іш тастаған жоқ немесе ауру белгілері жоқ, сау» – деп, мал дәрігерлеріне сенімсіздік білдіруі дұрыс емес. Ауру қоздырғышы қанға түскен уақытта бірден анықталады. Ал, асқынғанда мал іш тастап, сыртқы ортаға ауру қоздырғыштары кеңінен таралады. Сондықтан, ветеринариялық зертханада қойылған реакцияларға байланысты ауру анықталса, тезірек бұл малды сойысқа жіберген дұрыс. Бруцеллез анықталған ауладағы ит пен мысықты да тексеру керек.

– Бруцеллезге анықталған малдың етіне ветеринариялық-санитариялық бағалау қалай жүргізіледі?

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы» №7-1/587 бұйрығының 1245 тармағына сәйкес, бруцеллез анықталған ірі қара мал мен шошқаның, түйенің, жылқының еті ұшасы мен ағзаларында патологоанатомиялық өзгерістер болмаған кезде ет 12 сағат тұрғаннан кейін шектеусіз шығарыла береді. Ұша мен мүшелерінде патологоанатомиялық өзгерістер анықталған жағдайда, шұжық және консерві өнімдеріне шығарылады.

Бруцеллез анықталған қой мен ешкіні санитариялық союдан кейінгі ет арнайы қағидалар сақтала отырып, пісірілген шұжықтарға немесе консервілерге қайта өңделеді.

– Ауруды ауыздықтау мүмкін бе?

– Ереже талатарына сәйкес қан алынуын мал дәрігерлерінен талап етулері керек. Сондай-ақ, жоспардан тыс басқа жақтан мал әкелсе, карантинге қойып сол мерзім ішінде диагностикалық зерттеуден өткізуге міндетті.

Көктем шығып, жер аяғы кеңігенде шаруа қожалығы бар туыстар мен таныстарға малдарын қосуы белгілі жағдай. Міне, осы уақытта қосылатын малдан қан алғызып, аудандық ветеринариялық зертханадан саулығы туралы сараптау актісін алған соң ғана табынға қосқаны дұрыс. Әйтпесе, өзінің малы және басқа қосылған малдар аталған ауруға шалдығып, күзде қайта қолға алғанда ауылдың өзге түлігіне жұғып, ауру кеңінен таралады.

 Жоспарлы зерттеу барысында ауруы анықталған малды мамандар сойысқа жіберіп, ауру түлік тұрған қора-жайға дезинфекция, дезинсекция, дератизация жасалып, қиы зарарсыздандырылуы керек. Ауру ит пен мысық жойылуы тиіс.

– Бруцеллезге шалдыққан ауру малды сою, өткізу және сойылған малға өтемақы беру қалай жүзеге асырылады?

– Адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, олардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті залалсыздандыру және қайта өңдеу кезінде өтемақы бір бас малға және одан алынатын шикізаттың бір келісіне орташа айлық нарық құнының 30 %-ы мөлшерінде жергілікті бюджет есебінен төленеді. Орташа айлық нарық құнының қалған бөлігін (70%) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдейтін ұйым төлейді.

Егер, мал иесі бруцеллез анықталған малын арнайы мал соятын орында сойып, 12 сағат ұстағаннан соң ішкі сауда орындарына нарықтық құнмен сатқан жағдайда оған өтемақы төленбейді. Өтемақы тек етті қайта өңдеуші кәсіпорынға жоғарыда көрсетілгендей құжаттармен өткізілген жағдайда ғана төленеді. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button