Біз – бақытты ұрпақпыз

Мен оның түнін сүйем,

үнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау,

гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін

қыбырлаған,

Бәрі маған «Отан» деп

сыбырлаған.

Жаным менің, кеудемді

жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған, – деген Мұқағали ақынмен бірге толғанып, әлемге жар салғым келеді. Өйткені, мен – азат елдің ұланымын, Қазақстан деген байтақ елдің түлегімін.

Адам үшін ең қымбат дүние – Отан. Отан дегеніміз – адамның туып-өскен жері, туған-туыстары мен замандастарымен бірге тұратын атамекені. Ал, осы қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны – Қазақстан Республикасы.

Жалпы, республика дегеніміз – прогрессивтік және демократиялық артықшылықтарымен сипатталатын, өзіндік Президенті, Үкіметі, заң шығарушы органдары мен мемлекеттік рәміздері бар ел.

Біздің еліміз кәрі Каспийден Алтай тауларына дейін созылып жатқан құс қанаты талатын ұланғайыр кең өлкеде орналасқан. Осыдан 25 жыл бұрын республикамыздың Тәуелсіздігі туралы декларация қабылданған күні бүкіл қазақ халқы бөркін аспанға атып қуанды. Себебі, бұл күн – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған күні. Бұл күн – болашақ ұрпақтың басына бақ қонған күн. Бұл күн – қазақ халқы тарихындағы алтын әріптермен жазылған күн. Осы сәттерден бастап еліміз өзінің даму тарихында елеулі оқиғаларды бастан өткерді. Оларды санамалап шығу, әсте, мүмкін емес. Мәселен, Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар ұйымына мүшелікке қабылданды. Елімізде тұңғыш рет Ұлттық валюта қоры жасақталып, төл теңгеміз жарыққа шықты. Осы уақытқа дейін теңгеміз уақыт сынынан өтіп, ел игілігіне қызмет етуде.

Бүгінде еліміз – 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқан мекені. Тұрақтылық орныққан мемлекетіміз өзінің Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, Елбасының «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымы арқасында көптеген экономикалық, одан кейін дипломатиялық табыстарға қол жеткізді. Ел экономикасы жылдан-жылға дамып, өркендеуде. Біз оны күнделікті өмір ағымынан айқын аңғарып жүрміз. Елбасы ұстанған сындарлы саясаттың арқасында зейнетақы, әлеуметтік төлемдер көлемі өсе түсуде.

Біз – бақытты ұрпақпыз.

Менің ойымша, бақыт дегеніміз – еркіндік, яғни, рухыңның, жаныңның, тәніңнің қатыгездік пен қараулықтан, қулық пен надандықтан тәуелсіз болуы. Жеке бір топтың, жеке бір адамның бақыты тұтас адамзаттың немесе халықтың, ұлттың еркіндігінсіз жүзеге аспасы – айдай ақиқат. Ендеше, өркендеу үстіндегі Тәуелсіз елдің азаматы болып отырған менің бақыттымын деп айтуым – заңдылық.

Тәуелсіз Қазақстанымыздың азаматтығын аялап, алақанда ұстау ұлан-байтақ жерге, ұланғайыр байлыққа ие болу – тамырын тереңнен алатын тарихты ардақтаудан басталмақ. Тарихын, ерлікке толы сахара жұртының ғұмырын тасқа қашап қалдырып кеткен Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған бабаларымыздың асқақ рухы мен көзсіз батырлығы – біз үшін ғажайып үлгі. Заманында әлем өркениетімен иық теңестірген, салтанатты шаһарларымыз, сәулетті кенттеріміз ерекше көз тартатын алып мемлекет болғанымыз біздің көкірегімізге ерекше мақтаныш ұялатады.

Ендігі ұрпақтың мақсаты – мол біліммен қаруланып, кең байтақ жеріміз бен кең пейіл елімізді одан әрі өркендетуге жұмыла ат салысу. Бұл – қастерлі парыз.

Меруерт ҚАСЫМБЕКОВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.