Бас тақырып

Биыл дәрігерлер жалақысы 30 пайызға артады

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы 225 мың медицина қызметкерінің жалақысы 30 пайызға көбейеді. Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Нұр Отан” партиясының ХVIII съезінде атап тапсырған болатын.


Съезде сөйлеген сөзінде Елбасы осы жылдың қаңтар айынан бастап базалық айлық мөлшерінің бір жарым есеге өскенін, мұғалімдер айлығының 30%-ға, біліктілігін арттырған ұстаздардың еңбекақысы 50%-ға артқанын атап өтіп, бұл бағытта тағы да қолдау шараларының қажеттігін айтқан-ды. Соған орай, ұлт саулығына жауапты денсаулық сақтау саласында төмен жалақы алатын барлық медбикелер және кіші медициналық персоналдың жалақысы 30% өседі.
– Мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал, кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаятын болады. Жалпы, 225 мыңнан астам медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Осыған орай, 2019 жылы республикалық бюджеттен 37,6 млрд. теңге, ал 2020 жылдан бастап 78,7 млрд. теңге бөлінеді, – деп атап өтті Е.Біртанов Үкіметтің кезекті отырысында.
Жалақыны көтеру – медицина мамандарының тапшылығын жойып, сұранысқа ие мамандарды сақтап қалудың бір жолы. Бұл мәселе әсіресе, ауылдық жерлерде өткір сезіледі. Біздің облыс бойынша өткен жылы жұмысқа 333 дәрігер маман, қазіргі таңда гинеколог-акушер, неанотолог, анестезиолог сынды 97 маман жетіспейді.
Қарағанды медицина университетін қаншама түлек бітіріп жатқанымен, олар өз аймақтарына, не болмаса, ақшасы көп жеке клиникаларға кетіп қалатыны жасырын емес.
Бүгінде алғашқы медициналықсанитарлық көмек көрсететін мамандарға айрықша назар аударылуда. Отандық медицина сырқаттың алдын алу мен саламатты өмір салтын ынталандыруды басты орынға қоюы керек. Бұл жайлы Елбасы былтырғы Жолдауында да, бас партияның XVIII съезінде де тоқталды. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі мен денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемін 40%-дан 60%-ға арттыру керектігін айтып, бұл мақсаттарға 120 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Учаскелік дәрігерлердің жалақысы жылдың басында-ақ 20%-ға артқан болатын. Десек те, бұл мамандардың жетіспеушілігі әлі де сезіледі. Майқұдықтың 67 мың тұрғынына қызмет көрсетіп келе жатқан қаладағы №4 емханада 40 учаскелік дәрігер бар, яғни, 40 адам осыншама тұрғынның денсаулығына жауапты деген сөз.
Облыста аталған бағыттағы жұмыстар үш жылға жоспарланған. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеру үшін 2019-2021 жылдарға 1 678 671 мың теңге қарастырылған. 2019 жылы – 398 257 мың теңге, 2020 жылы – 640 207 мың теңге және соңғы жылында 640 207 мың теңге.
Денсаулық сақтау саласындағы қазіргі жұмыстар учаскелік дәрігердің мойнындағы жауапкершілікті, емхана жүктемесін азайтуға бағытталған. Сол себепті де отбасылық денсаулық орталықтарын ашу қолға алынды. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның сапасын арттыруға оң әсер ететін болады. Биылғы жылы облыста осындай 9 орталықтың ашылуы жоспарланған.
Ал, жалпы еліміз бойынша 595 медициналық нысан ашылатын болады. Бұл – Мемлекет басшысының алдағы үш жылға қойып отырған міндеті. Мұндай басымдық ауылдық жерлерге берілмек.
Атап өту керек, еңбекақы жаңадан тек денсаулық саласының қызметкерлерін ғана емес, Президент тапсырмасына сай бюджеттік ұйымдарда істейтін жалпы 275 мың қызметкерді қамтиды. Оның ішінде, мұғалімдер, құқық қорғау, қорғаныс саласының мамандары да бар.
Жалақының өсуі тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, азаматтардың еңбектегі жауапкершілігінің артуына да ықпал етеді. Еңбек пен оған төленген ақының теңесуі адамдардың жұмысқа деген құлшынысын арттырады. Отбасы қамымен тынымсыз тірлік етіп жүрген қазақстандықтардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін бұл бағыттағы шаралар жалғасын таба бермекші.

Басқа материалдар

Back to top button