Жаңалықтар

Биіктерді бірлікпен бағындырамыз!

«Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемде теңдесі жоқ институт. Аясы – кең, міндеті – зор, мақсаты – айқын. Мәңгілік Еліміз Тәуелсіздік алған тұста тура жолды таңдады. Бірлігі бар жерде бақуатты өмір боларын естен шығармады. Елбасы бастап, ел қоштап, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Біздің облыста да 115 ұлт өкілі өзара келісімді алға тартып, тату-тәтті өмір сүруде. Елдің гүлденуі жолында еңбек етуде.

Былтыр, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында облыс орталығы тағы бір баламасыз нысанмен толықты. Ол – Достық үйі. Қарағандының бас жоспарына сәйкес, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық ретінде танылды. Мұнда этно-мәдени бірлестіктердің жұ­мысын жалғастыру үшін барлық жағдай жасалған.

Достық үйі жанынан медиация кабинеті де ашылды. Орталықта этно-мәдени бірлестіктердің өкіл­дері медиация негіздерін оқуға, тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік алды.

Жалпы, облыс бойынша 83 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның арасында 23 облыстық, 60 қалалық, аудандық бірлестік бар. Барлығы да облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып келеді.

Аймақта Қазақстан халқы Ас­самблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» ауқымды жобасын жүзеге асыру бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Мақсат – қазақстандық біртектілікті нығайту, азаматтық қо­ғам­ның тұтастығын қалыптастыру. Жоба Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес инс­титуционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басшылыққа алды.

«Қайырымдылық керуені» рес­публикалық акциясы аясында осы жылдың 9 ақпаны күні Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Бірге өмір сүру – өнер» акциясы өткізілді. Ауыр науқасқа ұшыраған екі бүлдіршіннің ем қабылдауына қажетті материалдық көмек көр­сетілді. Сондай-ақ, Аналар кеңесі «Құлыншақ» балалар үйіндегі балалар тәрбиесі мәселесін жіті назарда ұстайды.

Этно-мәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Қайырымдылық күніне арналған іс-шаралардың да басы-қасында жүрді. Мәселен, биылғы 1 наурызда Достық үйінде «Біз мәңгілік жасаймыз!» форумы өткізілді. Ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралардың бастауы болды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының қоғам өміріндегі үлесі, салмағы уақыт өткен сайын арта түсуде. Әлеуметтік салада ғана емес, қоғамдық және этносаралық қарым-қатынасты реттеуде де Ассамблеяның атқарар рөлі зор.

Осы тамыз айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қарағанды облысының соттары арасында бірлескен жобалар жүзеге асты. Медиация институтын жетілдіруге бағытталған жоба уақыт талабынан туындаған. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының арасында дауларды сотқа дейінгі немесе соттан тыс реттеу мәселелері жөніндегі іс-қимыл туралы өзара Меморандумға қол қойылған.

Медиация күніне орай, об­лыстың барлық қалалары мен аудандарында дөңгелек үстелдер, «ашық есік күндері», семинарлар өткізілді. Еріктілер ақпараттық буклеттер таратты.

Осынау республикалық акцияға облыстың бір мың тұрғыны қатысты. Оның арасында 170 азаматқа медиация үрдісін қолдану және басқа да түсіндірмелі кеңестер тегін берілді.

Қазақстан халқы Ассамб­леясының маңызды рөліне, тіптен, әлемнің өзге де мемлекеттері оң бағасын беріп отыр. Олар біздегі бірлік пен берекені басшылыққа алады, үлгі тұтады. Сондықтан, Ассамблея жұмысын жетілдіру, тұрақты жалғастыруға бұқара да, билік те мүдделі. Бұл іс біздің өңірде де жарқын көрініс тапқан.

Соңғы тоғыз жыл ішінде облыстың 24 этно-мәдени бірлестігі Қазақстан халқының Бірлігі күні қарсаңында облыс әкімінің 700 мың теңге көлеміндегі сыйақысын алып келеді. Облыстың этно-мәдени бірлестіктері басшыларының ең­бектері де елеусіз қалмады. Этносаралық келісімді нығайту мен дамытуға қосқан үлесі үшін облыстық бірлестіктердің бес басшысы ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, екеуі «Құрмет» ор­денімен, Қазақстан халқы Ассам­блеясының 12 белсендісі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» Алтын медальдарымен, Құрмет грамоталарымен наградталды.

Этносаралық келісімді ны­ғайту мәселесінде этно-мәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының өзара ынтымақтастығы зор ықпалға ие.

Мәселен, аймақтағы Қоғамдық келісім кеңесі, облыстық мәс­лихаттағы депутаттар тобы және ғылыми-сараптамалық топ өз жұмыстарын жүйелі жолға қойған.

Жыл басынан бері облыстың қалалары мен аудандарында атал­ған Кеңестер этно-мәдени бір­лестіктер өкілдерінің қатысуымен 500 іс-шара өткізген. Нәтижесінде, арнайы ұсыныстар әзірленді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблея­сы қоғамдық тұрақтылықты қам­тамасыз етуге де бейжай қарап қалмайды. Уақытпен үндеседі, халықтың мүддесіне жұмыс істейді.

Мүдде – ортақ, тұжырым – біреу. Қазақстанның бейбіт аспанын бұлт шалмауы тиіс. Біз биіктерді бірлікпен бағындырамыз!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button