Бесобада – көкпаршылар додасы

«Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында өнер өлкесінде өзіндік үні бар азаматтардың қатысуымен көкпар додасы өтті. Шара – Жастар жылы мен Кеңес Одағының Батыры Нұркен ӘБДІРОВТІҢ 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Ұлттық спорт сайысының өтуіне Бесоба селолық әкімдігі мен жергілікті клуб қызметкерлері және ауыл тұрғындары ұйытқы болды.

Елдің делебесін қоздырған дүбірлі додада белгілі эстрада әншілері, ақындар, айтыс ақтаңкерлері мен дәстүрлі ән орындаушылар өзара бақ сынасты. Тартыс алаңында бас-аяғы 4 команда бәсекеге түсті. Бұл сайыс осымен үшінші мәрте өтіп отыр, бұған дейін екі рет Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылында өткізген едік. Бұдан кейін де бірнеше аудан мен ауылдарды аралап, халық өнерін, ұлттық спортты насихаттауды жоспарлап отырмыз, – дейді жарысты ұйымдастырушылардың бірі, әнші-сазгер Амангелді Ахметжанов.

Аса тартысты өткен сайыс қортындысында I орынды белгілі әнші Саят Әбдіғали жетекшілік еткен «Көкбөрі» командасы иеленсе, II орынды халық әндерінің дүлдүлі Сержан Мұсайын басқаратын «Дода» командасы жеңіп алды. III орынға айтыс ақыны Айтбай Жұмағұлдың «Алаш» командасы қол жеткізсе, өлең сөздің тұлпары Тілеген Әділовтің басқаруындағы «Бөрілі байрақ» командасы IV орынға тұрақтады.

Сондай-ақ, осынау ұлттық ойындар бәсекесі аясында өткен аударыспақ және теңге алу жарыстары да жанкүйер қауымның көңілінен шығып, ұлттық спортқа қызығушылықтары оянуына дәнекерлік етті. Жарыстың түпкі мақсаты да жалпы бұқараны, оның ішінде жастарды ұлттық құндылықтарға баулып, спорт түрлерін насихаттау мен одан әрі дамытуға бағытталған еді.

Спорттық шарадан кейін көкпаршы өнерпаздардың қатысуымен ауыл клубында «Ауылым – алтын бесігім» атты концерт өтті. Рухани ләззат сыйлаған шырайлы сәттен кейін селолық округ әкімі Ержан Қуанышбаев жүрекжарды құттықтау лебізін білдіріп, іс-шараларға қатысушылар мен көрерменге алғысын жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.