АқтоғайБас тақырып

Береке еңбекпен келеді

Кеңес Одағы тарап, еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшкен тұста отандық ауыл шаруашылығы саласы құлдырауды бастан кешкен еді. Бір кездері 30-40 мыңдап қой айдаған «совхоздардың» түлігі түгесіліп, қолдағы мал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені жасырын емес. Шүкір, бүгінде бұл олқылықтың орны толып, өңірлерде ата кәсіп дамып келеді. Бүгінде болашағы зор бұл салада ілкімді жобалар жеткілікті. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сынды бағдарламалар өз жемісін беруде. Бұл бағытта Ақтоғай ауданы да кенже қалған жоқ. Жыл санап фермерлер қарасы көбейіп, мал саны артып келеді. Берекелі істен ырзығын айырып отырған Абай ауылдық округіндегі «Нұрлан» шаруа қожалығы – сондай шаруашылықтардың бірі.

«Еңбектің наны тәтті» деген халық даналығын қожалық жетекшісі Ерлік Дүйсенбаев жете түсінген жан. Еңбегінің арқасында абыройға бөленген оның ісі өнімді. Алдына қойған мақсатына жету, ол жолда тынбай еңбек ету – жастайынан бойына сіңген дағдысы.

 Ерекең Абай ауылының орта мектебін бітіргеннен кейін замандастары секілді қала өмірін әуес көрмей ата-анасының қасында қалып, шаруашылығына қолғабыс етті. Әкесі Амантай «совхоздың» маңдайалды шопаны болған. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, әке жолын жалғаған кейіпкеріміз 2000 жылы «Нұрлан» шаруа қожалығын құрады.

Бүгінде қол жеткенге тоқмейілсіп тоқтап қалмай, қожалық жұмысын ары қарай өркендетіп, мал басын асылдандыруға көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы құлшынысы жеміссіз де емес. Қожалықта 700 қойешкі, әулиекөл тұқымды 380 ірі қара, 100-ден аса қылқұйрық бар.

– Етті бағыттағы әулиекөл сиырының ерекшелігі – Арқа қысына төзімді. Бұзауы тез жетіледі. Биыл Шет ауданындағы «Бурабай» шаруа қожалығынан 18 айлық төрт бұқа сатып алдым. Оның алдында үш бұқа алған едім. Сиыр саны 120-дан асқаннан кейін, яғни, келесі жылы тағы 6-7 бұқа сатып алуды көздеп отырмыз. Әулиекөл тұқымы ірі болады. Бұрын телеарналардан тонналап ет беріп жатқан ірі қараны көріп, таң қалушы едік. Бірекі жылдан бері осы межеге өзіміз де қол жеткіздік, – дейді Ерлік Дүйсенбаев.

Иә, әулиекөл сиырының екі жастағы құнажыны 600 келіге дейін тартады екен.

Бізді Ерекеңнің бағымындағы түлігін, әр төлін жазбай танитын қасиеті тәнті етті. Бұл – кешегі төрт түлікті тіршілік өзегі еткен қазақ баласының қанында бар қасиет.

Жаз бойы жайлауда еркін жайылған малдың қыстан қысылмай шығары белгілі. Шаруа қожалығы бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланады екен. Мәселен, биыл мал жайлау төсіне ерте шығып кетсе, қыстауға қазан айының басында ғана оралған. Қожалық басшысы осы кезде қыстау маңындағы шөптің де тұнып тұратындығын, жайлаудан қайтқан малдың бір ай жайылған соң бұрынғыдан да семіре түсіп, соғымға сойылған жылқының кемінде екі елі қазы беретінін айтты.

Бүгінде қожалық қыстық жем-шөп қорын берік дайындап алған. 1500 тонна шөп маяланған. Әрине, шаруа иесінің бір қолын екі ететін оның техникасы екені айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Ерекең «МТЗ-82» маркалы жаңа тракторды тізгіндепті. Бұдан басқа да шаруашылық техникалары сақадай сай.

«Кәсіптің көзін тапқанды бақыттың өзі табады» дейді халық даналығы. Ауылдағы ағайынның алдындағы абыройы биік Ерекеңнің болашақта да табыс биігінен көрінеріне сенім мол.

Думан ҚАБЫЛ

Басқа материалдар

Back to top button