Бас тақырыпСпорт

Бекзат жарқылдаған бәсеке

Екатеринбургтағы әлем чемпионаты мәреге жетті. Екі апта бойы экранға телмірген бокссүйер қауым ентігін енді басты. Өзбектер көш бастады, ресейліктер – екінші. Қазақ үздік үштікті түйіндеді. Турнирдегі кемшіліктер мен жетістіктерді мамандар тәптіштей жатар. Біз кейбір сәттерге назар аударып көрелік…

Биыл бокс мамандары бастаған жұрт бірнеше құрамаға бәс тікті. Екі жыл бұрын Гамбургте топ жарған Кубаның мықтылығына сенді. Соңғы жылдары бокс державаларының біріне айналған, сәуірдегі Азия чемпионатында төрт алтынмен алдымызды ораған өзбектер де көшбасшылықтан үміттілер қатарына енді. «Өзі дегенде өгіздей қара күші бар» ресейліктер де Орал тауының етегіндегі егесте қарап отырмайтыны белгілі еді. Міне, осы мықтылар қатарына Қазақстан құрамасы да қосылды.

Мойындау керек, қазір өзбек боксының айдарынан жел есіп тұр. Риодағы Олимпиадада 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді қанжығалап, Кубадан тізгінді тартып алды. Гамбургте 1 алтын, 3 күміс, 2 қоламен қазақ құрамасын үшінші сатыға ысырды. Биыл 4 алтынмен сары құрлықтың үздік ұжымы атанды. Енді, міне, жаһанда өзбек құрамасына тең келер құрам болмай тұр. Қызғанбасаң да, қызығады екенсің… Бекзат Нұрдәулетов алтын алмаса, халіміз мүшкіл болғандай.

«Бұл турнирдің басты жаңалығы – Бекзат» дейді сарапшылар. Өзбек Баһадир Жалоловқа бұйырған «Үздік боксшы» атағын Бекзатқа беру керек еді» деген пікір де жеткілікті. Әйтсе де, ендігі бояуы сіңіп кетті. Қолдағы алтынның қадірін білсек…

Бекзат бұл жарысқа бармас еді. Жарақат алып қалған Азия чемпионы Бек Нұрмағамбеттің орнын басты. Сөйтіп, жолына шыққанды жапырып өтті. Финалға дейінгі бес қарсыласының төртеуін нокдаунға жіберді. Күрзі жұдырықтың соққысынан есеңгіреп қалғандар арасында кубалық Олимпиада чемпионы Хулио Сесара ла Крус та бар. Риодағы финалда қаша жүріп ұрысқан ла Крус Әділбек Ниязымбетовтен басым түскен еді. Міне, Бекзат ла Круста кеткен қазақтың есесін қайтарып берді. Бір қызығы, Әділбек пен Бекзат – жерлес. Ақтаулықтар.

Жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов қола жүлдемен қайтты. «Қазақ салмағы» – 69 келіде жұдырықтасқан Абылайхан турнир қожайыны, тәжірибелі Андрей Замковойға есе жіберді. Финалда Замковой ағылшын Пэт Маккормакты ұтты. 

Қазақтың үкілі үмітінің бірі – Василий Левитті сәтсіздік шыр айналдырып жүргендей. Ойламаған жерден жартылай финалда эквадорлық Хулио Кастильодан ұтылды. Рио Олимпиадасында ресейлік Тищенкомен өткен жекпе-жегінде де төрешілер шешімі күмән тудырған-ды. Бұл жолы да әділетсіздік құрбаны болды. «Ұпай санымен басым түсті» деген төреші Кастильоның қолын көтерді.

Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев кездесу аяқталысымен жекпе-жек нәтижесіне қарсылық білдірді. Алайда, «уақыт өтіп кетті» деген төрешілер шағымды қабылдаудан бас тартты. Сөйтіп, финалға шыққан Кастильо ақтық сында ресейлік Муслим Гаджимагомедовке есе жіберді. «Әәә» дестік сонда біз… Алыстан ойластырылған саясат па дерсіз?!

Жалпы, әлем чемпионаты 1974 жылдан бері өтіп келеді. Сол жылы Куба астанасы Гаванада жалауы желбіреді. Турнир тарихындағы медаль саны бойынша осы елдің оғыландары ешкімге дес бермей тұр. Қоржындағы 138 жүлденің 77-і – алтын, 35-і – күміс, 26-ы – қола. Екінші сатыда – КСРО-дан қалған мұраны басып қалған Ресей. 109 медаль (38/33/38). Үштікті түйіндеген АҚШ-та – 46 жүлде (16/11/19). 46 медалі бар Қазақстан құрамасы америкалықтарға сапа жағынан ғана жол беріп тұр. Отандастарымыз тәуелсіздік жылдарында 12 алтын, 13 күміс, 21 қола жүлде еншіледі. Кейінгі жылдары қарқынға қарқын қосқан өзбек боксшылары бесінші сатыға көтерілді. Қазіргі таңда 41 медаль (9/14/18) жинады.

Көлденең жұрт кез келген додада қазақ-өзбек бәсекесін ерекше назарға алады. Соңғы уақытта ала шапанды ағайынның айы оңынан туып келеді. Жігерді жанып, қазақ боксының шын қайратын танытар кез баяғыда келген. Токио не тартар екен?!

Орын

Мемлекет атауы

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1

Өзбекстан

3

1

1

5

2

Ресей

3

0

1

4

3

ҚАЗАҚСТАН

1

1

4

6

4

Куба

1

1

1

3

5

Англия

0

1

2

3

6

Үндістан

0

1

1

2

7

Филиппин

0

1

0

1

7

АҚШ

0

1

0

1

7

Эквадор

0

1

0

1

8

Болгария

0

0

1

1

8

Франция

0

0

1

1

8

Моңғолия

0

0

1

1

8

Аустриалия

0

0

1

1

8

Бразилия

0

0

1

1

8

Армения

0

0

1

1

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button