Теміртау

Батырлар – құрыш қалада

         Ел көлемінде таңдалған 102 адамның қатарына алты қарағандылықтың есімі енді. Теміртаудағы кездесуге хирург Нурқаси Абатов пен нейрохирург Ғабит Махамбаев келе алмады. Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Дәурен Алтаев, полковник, «Халық Қаһарманы» Қайрат Үмбетов, NOMAD MMA ұлттық аралас жепе-жек өнерінің негізін қалаушы Сергей Ан және Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Әлімханова мәртебелі меймандар қатарынан орын алды.

Бұл азаматтардың есімі көпшілікке жақсы таныс. Мәселен, тәртіп сақ­шысы Дәурен Алтаев Майқұдықта отқа оранған үйдің ішінен төрт баланы аман алып шыққан. Сын сағаттағы батыл іс-әрекетіне орай полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Ал, әскери офицер Қайрат Үмбетов 2016 жылы оқу-жаттығу жиынында сарбаз Абзал Сұлтанқұловты граната жарықшақтарынан денесімен қорғап қалған еді. Бұл ерлігі үшін полковникке Елбасы өз қолымен «Халық Қаһарманы» атағын тапсырды.

Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру жұмыстары шеңберінде өткен кездесуде Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының директоры Саида Сергизова шараның тәрбиелік мәніне тоқталды.

– Осы кездесу бейбіт күннің батырларын, есімдерін мақтанышпен айтып жүрген жерлестерімізді жастарға таныстыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл азаматтар егемен еліміздің өркендеуіне, гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген жандар. Өз еңбегімен, ерлігімен, қайсарлығымен жетістікке жеткен жандарды үлгі ету арқылы жастар бойына патриотизм, еңбекқорлық сынды қасиеттерді сі­ңіруді көздеп отырмыз, – деді орталық басшысы.

Кездесуде жобаға есімдері енген қарағандылықтардың өмір жолынан, жетістіктерінен ақпараттар берілді. Меймандар басқосуға қатысушылар алдында өздерінің тәжірибелерімен, патриотизм, Отанды сүю туралы пайымдарымен бөлісті. Сондай-ақ, жастар да қызықтырған сауалдарын жолдап, тұщымды жауап ала алды.

Осы күні орталықта «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушыларына арналған көрме залы ашылды. Жеңімпаз жерлестеріміз жайлы мәліметтер жайында мәліметтер топтастырылған көрменің лентасын қию құрметіне профессор Роза Әлімханова мен полицей Дәурен Алтаев ие болды.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button