Жаңалықтар

Бала өміріне бейқамдық танытпаңыз

Ауа райының ыстығына байланысты үйіңіздің қапырық болатыны белгілі. Сол себепті, есік, терезеңізді ашып, салқын ауамен тыныстағанды жөн санайсыз. Бұл жағдай, үйіңізде жас бала болса, қауіп тудыруы мүмкін. Сіз қанша жерден мұқият болсаңыз да, баланың шапшаңдығы көз ілестірмейтінін менен жақсы білерсіз.

Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері балалардың терезеден құлау фактісі бойынша 10 оқиға орын алған. Оның 7-еуі Октябрь ауданында, қалған үшеуі Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ақадыр кентінде тіркелген. Жазатайым жайтқа көбінесе екі жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндер тап болып жатады. Өкініштісі, аталған оқиғадан үш бірдей сәби қыршын кеткен. Ал, былтырғы есеп бойынша, 21 оқиға орын алып, оның үшеуі өмірімен ерте қоштасуға мәжбүр болған. Бұл ата-аналардың бейқамдығынан туып отырған жағдай екені анық.

Аталған салғырттықтың алдын алу мақсатында жақында Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Сәтбек Әбдіхалықовтың, Қарағанды қаласы ТЖ басқармасының азаматтық қорғау саласындағы бақылау және зілзалалар қауіп-қатерін азайту тобының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Әсет Әшімовтің және ПИК төрағаларының қатысуымен жиналыс өтті.

  • Шара барысында қала халқын құлағдар ету мақсатында жадынамаларды орналастыру арқылы көпқабатты үй тұрғындарымен жұмысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Көбінесе ата-аналар терезедегі москит торларының болуы балалардың құлауының алдын алады деп жатады. Нәтижесінде үйіндегілердің қарауынсыз қалған жас балалар қауіпқатерге ұшырайды, – дейді Әсет Әшімов

Пәтер иелерінің терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы фиксаторларды орнату қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.

Жиынның ертеңінде ТЖ басқармасының қызметкерлері ірі сауда орындарын, көпқабатты тұрғын үйлерді және саябақтарды аралап, жадынамалар таратып, бала қауіпсіздігі жайлы насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жолдағы ашық жатқан шұңқырлардан сақ болуға, балаларды мектеп алаңдарындағы жылу құбырларынан алыс ұстауға шақырды.

Балаға бейқамдық танытып, бармақ тістеп қалмайық!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button