Жаңалықтар

Балаң қиялды ұштаған байқау

   «Фильм, фильм, фильм!»… Осы атаумен жыл сайын қарашаның соңында Қарағанды қалалық әкімдігі мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ықпал етуімен «Сарыжайлау» кинотеатры өнерлі балалар фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырған. Жылдан-жылға танымалдығы артып келе жатқан фестиваль балалар өнерін дамытумен қатар, қазақстандық кино өнерін насихаттайтын бірден-бір баламасы жоқ игі шара.

Балалар өнері фестиваліне ән айтып, би билейтін, сурет салып, тіпті, бейнеролик түсіруге талпынған 9-13 жас аралығындағы қала мектептерінің оқушылары қатысады. Олардың өнерлері төрт жанрда, яғни, жеке орындау­шылық, ансамбль, көркемсөз оқу, жас суретшілер шығармашылығы бойынша бағаланады.

Биылғы мерейтойлық V фестивальге 25 мектеп пен бір шығармашылық студияның 180 оқушысы, олардың 50-ден астам жетекшілері қатысып, талаптары мен таланттарын сынға салды.

Киноөнерін танымал ете отырып, баланы шығармашылыққа баулу, олардың бос  уақыттарын ұтымды ұйымдастыруға үйрету, міне, «Фильм, фильм, фильм!» фестивалінің алдына қойған басты мақсаты осындай.

– Бала жанының жарасымдылық пен үйлесімділікте өсуінде эстетикалық және рухани тәрбиенің алатын орны маңызды екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, оны кішкентай күнінен сан­­алуан шығармашылықпен терең таныстырып, креативті ойлау жүйесін қалыптастыруға жұмыс істеу – біздің қа­сиетті борышымыз, – дейді фестиваль­дің қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Рымбала Омарбекова.

Осылайша, үйлесімді, жарасымды тұл­ғаны тәрбиелеудегі кино өнерінің ролін көтеруге қызмет етіп жатқан «Сарыжайлау» кинотеатрының креативті ұжымы фестивальге жеке орындау­шы­лық, инструментальді ансамбль және вокалдық дуэт аталымдары бойынша  қатысушылар нөмірлерінің бірін танымал кинокейіпкердің  образында орындағандарын айтады.

V фестивальдің ең үлкен жаңалығы – «16 қыз» фильмінен ән орындаған №41 мектептің оқушысы Дінмұхамед Нәрікбай болды. Қазылар алқасы кішкентай таланттың даусына да, актерлік шеберлігіне де тәнті болғандарын бірауыздан айтты.

Өнерлі балалар арасында «Менің атым Қожа» картинасы кең танымал екендігі байқалды. Осы картинадағы «Туған ел» әнін №92 мектептің оқушысы Тимур Тен нәшіне келтіріп орындағанда, қазылар алқасы оны фестивальге тыңғылықты дайындаған жетекшісі Көрікбаевқа алғыс білдірді. «Менің атым Қожадағы» жайлау әнін орындауда №23 мектеп оқушысы Нұрдос Рахимов та құрдастарынан қалыспады. Қожа ролінде ойнаған балалардың да актерлік шеберліктері мамандар назарынан тыс қалған жоқ.

– «Шабыт» ансамблінің әдемі биі мен №17 мектептен Динаның «Науысқы» күйін орындаған домбырашылар, осы мектептің оқушысы Арайлым Еспайдың «Балалық шақтың кермек дәмі» фильмінен айтқан әні, ал, Аник пен Мэри Григоряндардың армян тілінде ән орындағаны балалардың фестивальге қатысқан сайын қабілеттері мен таланттарын ұштап келе жатқандарын аңғартты, – дейді қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабеков.

Биылғы жылы «Жас суретшілердің шығармашылығы» аталымында фестивальге қатысушылар «Қазақстан және шетел кинолары» тақырыбын таңдап алған екен. Осы тақырыпты дамыта отырып, олар өз ой-қиялдарына, шығармашылық шабыттарына ерік береді.

«Көркемсөз» аталымында қатысушының таңдауы бойынша кез келген жанрдағы кинофильмдерден шығармалар орындалып, балалардың бойындағы қабілеті мен дарыны ашыла түседі.  Осы аталымда  Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» шығармасынан Ананың монологын нақышына келтіріп, жатқа оқыған №48 мектептің оқушылары – Алина Нестерук пен Ксения Гибер,  «Когда я стану миллионером» картинасынан үзінді айтып берген №52 мектептің оқушысы Илья Кошиковты қазылар алқасымен қатар, фестиваль көрермендері де ыстық ықыласпен қабылдады.

Әдетте, фестивальге қатысатын үміткерлерді түскен өтініштері бойынша түрлі саладағы өнер қайраткерлері мен кинотеатр қызметкерлерінен құралған  арнайы комиссия анықтайды.

Фестваль балалардың өнерге талпынысы, әдебиетке құштарлығын оятып қана қоймай, олардың кітап, көркем әдебиет оқуға ықыластарын арттырды. Көркем картиналарды, әсіресе, қазақ киногерлерінің туындыларын жақсы көретін балалардың көптігі қуантты.

Барлық қатысушылар жетекшіле­рімен қоса фестиваль дипломдары және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Ең бастысы – олардың әрқайсысы екі күнге жалғасқан  фестиваль мерекесінен өздеріне деген сенім мен болашаққа деген жарқын үміттерін арқалап кетті.

 

Сағат БАТЫРХАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button