Балқаш тағдырына жұрт алаң

Приозерск қаласында Балқаш көлінің экологиялық мәселелеріне қоғам назарын аудару және ішкі туризмді қолдау мақсатында «Ұлы Балқаш шақырады!» атты шара өтті. Биыл екінші мәрте жалауын көтерген айтулы шараға Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) мұрындық болды.

Былтыр мұнда ел аймақтарынан 50-ден астам адам қатысса, биыл қатысушылар саны екі есеге артқан. Жеті қаланың өкілдері бар. Ұйымдастырушылар, құтқарушылар мен еріктілерді қосқанда, 100-ден астам адам жиналды. Оның ішінде, AlmaU президенті Асылбек Қожахметов, қазақстандық альпинист, Қазақстан альпинистер құрамасының капитаны Мақсұт Жұмаев, белгілі кәсіпкер, «Сеймар» компаниясының негізін қалаушы Марғұлан Сейсембай, «World Class Almaty» фитнес-клубының бас директоры Валихан Тен, кәсіпкер Тимур Құдайбергенов, ALMATYBROTEAM вело-қоғамының негізін қалаушы Андрей Линник, «Адам және шөл» экспедициясының қатысушысы, саясаттанушы Дос Көшім мен «Effective Media Liaison» компаниясының  директоры Сұңқар Қарабалин бар. Бұлардың барлығы бір кісідей көл үстімен бірнеше шақырым жүріп өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ұлы Жібек жолы кезеңінен тарихи, мәдени-этнографиялық, экономикалық маңызы ерекше болған Балқаш көлінің қазіргі уақытта құрғап кету қаупі туындап отыр. Зерттеулерге сүйенсек, көлдегі су деңгейі 1970 жылдан бері төмендей бастаған. Балқаш көлінің құрғап кетуі ғаламдық деңгейдегі экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Салдарынан қоршаған ортаға орасан залал келетіні сөзсіз.

Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ, «Ұлы Балқаш шақырады!» жобасының авторы:

 – Біз осы шара арқылы туристік Қазақстанның жаңа дәстүрін қалыптастырып жатырмыз. Негізгі идеямыз – салауатты өмір салтын қалыптастыру және еліміз жылдың кез келген мезгілінде де әдемі екенін көрсету. Мұнда келген жанның бәрі Балқаштың тағдырына алаңдайды. «Құрғап кете ме?» деген қаупіміз бар. Көл тартылса, халық кетеді. Аймақ шөлге айналып, экологиялық апат болады. Аралдың тағдырын қайталаса, тек, Қазақстан ғана емес, бүкіл Еуразия зардап шегеді. Өйткені, Балқаш су көзі емес, климатты қалыптастырушы нысан. Халықаралық қауымдастық бұл мәселеге барынша назар аударады деп үміттенеміз.

Мұз үстімен жүріп өткен шараға қатысушылар жан-жақты ақпарат алып, әр облыстан келген өкілдер курорттық орындарын жарнамалап, тарихи жерлері туралы сыр шертті. Бұдан кейінгі шара арнайы бағыттағы семинармен жалғасты.

Басқосуларда ішкі туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар мәселесі сөз болды. Спикерлер туризм, спорт, төзімділік және еңбекқорлық арқылы салауатты өмір салтын ұстану бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Мамандардың сөзінше, елге келушілер арасында іскерлік сапарлар басым. Мəдени жəне тарихи мұрамен танысқысы келетін саяхатшылар аз. Мəдени-тарихи туризм дамуының кешеуілдеуінің себебі – еліміздің көрікті жерлерін дəріптеу жұмыстарының аз жүргізілуі, қызметтер сапасы мен қызмет көрсету мəдениетінің төмендігі, жол бойындағы қызметтерді дамытудың нашарлығы.

Асылбек Қожахметов бұл басқосудың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Және игі шараның келер жылы да жалғасын табатынынан хабардар етті.

Нұрдос КӘРІМ