Қазыбек бидің шапаны

Туғандай тектілерге бір күмән шақ,

Құрт құсап көңілдерге

кірді мәнсап.

Аз сөзбен Алты Алаштың

басын қосқан,

Қадірін Қазыбектің

жүрмін аңсап.

Тарихым тағы да бір жаңғырыпты,

Ұрпағым ойласын деп мәңгілікті.

Найза емес,

Қылыш емес,

Бабам бізге

Шапанын мұра қылып

қалдырыпты.

Табылса көшкен жұртта

жатқан сақам,

Оқа емес ортамызда жоқ

болса атам.

Тоғыз қат торғыннан да

артық маған,

Бабамның исі сіңген

мақпал шапан!

Өзгеріп жатқанымен жылдам сана,

Осыдан болар еді-ау үлгі алса да.

Даладай кең шапанның өңірінен,

Өрбіді алтын асық ұл қаншама.

Тозбаған,

Былғанбаған,

Ластанбаған,

Тағылымы бұл шапанның

дастан маған.

Айқара ашып тастап омырауын,

Бауырына бар қазақты

басқан бабам.

Балаға қылсын басқа қандай үлгі,

Тигіздім тәберікке маңдайымды.

Шапанын шалдар бізге

қалдырған-ау,

Жамылып жүріңдер деп

шалғайымды.

Жүрсін ЕРМАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.