Азық-түлік дүкендері мен базарлар жабылмайды 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде 16 наурыз сағат 08:00-ден 15 сәуір сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты, ірі сауда орталықтар өз жұмысын тоқтатады. Әйтсе де, азық-түлік дүкендері мен базарлардың жұмысы жалғаса береді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі республикада төтенше жағдай жарияланса да азық-түлік маркеттері мен базарлар жұмысын жалғастыра беретінін хабарлайды. Қазақстан Презизенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай енгізуі туралы Жарлығында айтылғандай, ірі сауда сауда нысандарының қызметі шектеледі. Халық көп жиналатын сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Азық-түлік дүкендері де, басқа да шағын дүкендер, сауда-ойын-сауық орталықтарынан тыс орналасқан өзге де шағын және орта бизнес нысандары иесінің қалауына қарай жұмысын жалғастыра алады», — деп хабарлады министрліктен.