Бас тақырыпДәстүр

“Қазақтану”: Ұлттық тағамдар ұмытылмайды

Күнделікті өмірде жиі тұтынатын тағам түрлері көп. Алайда, қазақ асханасында ертеден бар тіл үйіретін тағам түрлерін көпшілік біле бермейді. Қазақ ас үйінің салт-дәстүрге сай ежелгі тағамдарын таныстыру мақсатын ұстанған республикалық байқаудың аймақтық кезеңі Қарағандыда жалғасын тапты. «Қазақтың ұлттық тағамдары» гастрофестиваліне қатысушылар көшпенділердің далалық тағамдарының алуан түрлілігін көрсетуге тырысты.

Байқауға тек кәсіби аспаздар ғана емес, сонымен қатар, үй шаруасымен айналысатын аналар, колледж студенттері де қатысты. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі мұрындық болған байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында жүзеге асты.

Байқауға қатысушылар көне құрамдар бойынша тағамдар әзірлепті. Үлпершек тағамын ұсынған Шахтинск технологиялық колледжінің командасы көптен ерекшеленді. Қызы тұрмысқа шығып, алысқа кеткен ата-аналар оны сағынып, жақсы көретіндерін білдіру мақсатында үлпершек дайындағанын айтты. Өкінішке орай, тағамның дайындалу әдістері қазіргі таңда алыс ауылдарда ғана сақталған.

 Фестивальде сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана Бақытты Қанапинова жорыққа аттанған батырлардың далалық тағамдарын таныстырды. Шағын қапшыққа сүр ет және құрт сақтаған ана, батырлар далада оған су қосып, сорпа әзірлегенін айтып берді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қоспа түрлері арқылы жаңылыспай әзірлей алатын ұлттық сусындардың жеті түрін ұсынды.

– Қышқыл-сүт сусыны аталатын шалап – кальцийге бай тағам. Халық арасында ұмытыла қойған жоқ. Оңай дайындалатын сусынның пайдасы көп. Дайындау үшін айранға су және тұз қосу қажет. Отбасымызда балалар шалапты жақсы көреді, бүгінгі таңда дайындауды өздері үйреніп алған, – дейді көпбалалы ана.

Байқауда ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ҒЗИ материалдық емес мәдени мұра бөлімінің жетекшісі, этнограф Әйгерім Мұсағажинова ас үй құпиясын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында ұмытылған 200-ге жуық қазақ тағамдарының әзірлену құпиясын қалпына келтіргенін айтты. Этнограф қарағандылықтарға жылқының асқазанынан көшпенділердің тағамы қарын бөртпе дайындау және қуырылған бидайдан жасалған төңкерме тағамының дайындалу үлгісінен шеберлік сабақтарын өткізді.

– Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттауға бағытталған үлкен жоба мәдениет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, этнографтар тарапынан қолдау тапты. Шарада «Қазақтану» жобасы аясында қазақ асханасының бірнеше тағаммен ғана шектелмейтінін көрсетіп, сондай-ақ, Қазақстанда тұратын халықтардың бірлігін мәдениет пен дәстүрлерді тану арқылы нығайтуды көздедік. Осылайша, ұмытылған тағамдарға қызығушылық танытып, оны көпшілікке насихаттағымыз келді, – деді Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту департаменті директорының орынбасары Ерсін Үйсенбаев.

Фестиваль қорытындысында қазақ асханасының бірегей және ұмытылған тағамдарының альбомы шығарылады.

Аяулым Совет

Басқа материалдар

Back to top button