Жаңалықтар

Қазақшасы қазақты жаңылдырған

Жаны жайсаң, көңілі дарқан, әні әуелеген Ақтоғай өңірінде кезінде өзге ұлт өкілдері көп тұрған. Аудан халқы соғыс кезінде Украина, Поволжьеден жер аударылып, жүдеп-жадап, жабырқау кейпінде жеткен немістерді жатырқамай, бауырына басқан. Көп жылдар бойы аудан аумағы мен орталығында қазақ-неміс болып коян-қолтық, сыйластықта тату-тәтті өмір кешті. Қазақшасы қазақты жаңылдырған Ақтоғай немістерінің хикаялары жетерлік.
Неміс халқының тыңғылықты іскерлікке ғана емес, сонымен қатар қазақ тіліне деген ықыласы мен қабілеті өте зор екендігіне жас болсақ та, көзіміз жетіп еді. 1969 жылы мен қызмет бабымен елден алыстап кеткен едім. Бірақ, сол кездердегі немістер туралы естіп-білгендерімді қалың оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмын. Қазіргі таңда Ақтоғайда неміс қауымынан ешкім қалмаса да, олар жайлы қызықты естеліктер ел аузында.
Бірен-сарандары туыс-жекжат болып кеткен жағдайлары да болған. Ақтоғай немістерінің қысқаша тарихы Ресейдің Еділ өзені бойында өмір кешкен Поволжье немістері, Ұлы Отан соғысы басталған жылдары «сенімсіздер» қатарына ілігіп, сталиндік қатал саясаттың дүмпуімен елдерінен еріксіз көшірілгендіктен, басталды. Әуелі олардың басым көпшілігі кішірек ауылдарға орнықтырылған. Содан кейініректе олар аудан орталығы Ақтоғайға шоғырлана бастаған. Біз мектеп қатарында болған кездерде (1954-1965 жылдары) оларды 50 шақты отбасы еді. Барлығы өмір талаптарына бейім, қиындыққа төзімді, еңбекқор болды. Салған үйлері еңселі де іші-сырты жинақы, маңы тап-тұйнақтай таза болатын. Жаппай көкөніс салатын. Әлемде күрделі саяси өзгерістер туындап, Германия бұрынғы Кеңес кеңістігіндегі немістерге тарихи отандарына қайтуға мүмкіндік бергенде, өкінішке орай, Ақтоғай немістері жаппай көшіп кетті.
Ақтоғай немістерінің барлығы да қазақ тіліне судай, туған тілінен кем білген емес. Сұхбаттасқанда өзіңізді жаңылдыратын. Ұшыраса қалсаңыз, әнгіме-дүкен арасы қазақи ырғағымен, сөйлемдерді мақал-мәтелдермен өрбіте түйдектетіп, ойларын ойнақы орғыта шиырып тастап отыра, алыстан астарлата, керек кезде қақпалдата жүйткітіп, бет қаратпайтын. Кейде олармен жеңіл дауға қалған қазақтар қайтарма шешендігі сарқылып, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деп мұртын сипай-басып бұрыла кете баратын. Тілді терең білгендіктен, осындай қалыпта, қашанда намістер «есесін» жібермейтін. Қазақтар да оларға жөнсіз өктем болған емес. Жәй, ойын-қалжың көрністері жиі болып тұратын. Немістер қазақ тілді ширата айтуға әуес, қазақтар айтқызуға әуес – соған екі жақ та іштей мәз.
Эдуард Фуст Германиядан Ақтоғайға жыл сайын келетін. Біздікілер Едка деген қысқа нұсқасын қолданатын. Сол Едкалар бастары оншақтыдан асқан бойы жұрт оларды ажырату үшін қосымша жаңа-жапсырма белгімен айдар тағып атайтын болған: мысалы, Комхоз-Едка (ол «райкомхоздың» бастығы қызметін атқарған Эдуард Гених); Қандала-Едка (иненің көзінен өтетіндей пысық, лып-лып еткен шапшаң болатын – Эдуард Фуст); Хайуан-Едка (ұрдажық, жөнге көнбес тентек, ГАЗ-51 көлігін құйындай ұшыратын шопыр еді); Қалдыкөз-Едка; Дәу-Едка; Еңкіш-Едка, сондай тағысын тағылары.
Бірақ біздің есімізде Вилли қалды. Ақтоғай немістерінің арасындағы ең жуасы, қойдың аузынан шөп алмайтын, артық сөзі жоқ, салмақты басын салбыратып жұмысын істеп жүре беретін Вилли деген неміс болған еді. Жұрт оны қара Вилли деп атайтын. Бір жылы аязы қатуыл, өте қытымыр қыс ұзаққа созылып, бетіне қарап отырған жаңғыз ала сиырдың да жем-шөбі таусылып, мал жүдеп, көтерем болған кезде, көршісі: «Ия, Вилли, қалың қалай?» деген екен. Сонда жұрт «осы бейбақ сөз білмейді-ау» деп жүрген, жабырқау күйдегі Вилли: «Е, пәленшеке, қалды несіне сұрайсың, айтсам өзің жылайсың» деп өлеңдете жауап беріпті.
Кеңес заманында аудан басына облыс орталығы Қарағанды қаласынан ауа райы қолайлы болғанда күнделікті АН-2 (халық «кукурузник» деп атайтын) ұшағы (айта кетер жәйт, мына әңгіме-мысалдар арасында сол елестей өткен кездегі сөз мәнерлері сақталған) келіп, кететін болған. Самолет қонатын аэропорт басында радист-метеролог болып қалқанқұлақ Вилли (тегі-Лоренц) деген неміс істейтін. Жұрт көбіне автобустан гөрі, ішінде қиналса да, көздеген жерге тез баратын самолет қалайтын (ол кезде самолет аудан аумағындағы совхоздарға да қатынайтын). Жолаушылар аэропорт басында билетке сеңдей соғыла ұмтыла, ал, ол қолдарына тигеннен кейін, аспанға көз сүзіп, ауа райының қолайлы болуын Құдайдан тілеп, тынышы кете самолет тосып, дуылдасып отыратын. Содан олар: «Вилли, самолетті алдыртсайшы, қанша тосамыз, мазамыз кетті» деп қолқалайтын. Вилли: «Сендер қызықсыңдар, қарасаңдаршы, Жыланды көрінбейді. Самолетті қалай шақыртам, басым екеу емес қой» деп жауапты келте қайыратын. Онысы ауыл басынан 30 шақырымдай жердегі Жыланды тауы ауа райы бұлыңғыр, «бітімі» жеңіл «кукурузниктің» ұшуына ауа райы қолайсыз күндері көрінбейтін еді.
Ақтоғай ауданы Жезқазған облысына қараған шақта, қандала Едка Ақтоғайға тағам, өндіріс заттарын жүк таситын автокөлікпен, арасы 700 шақарымнан аса қашықтықтан, жеткізіп тұрады екен. Сонда қойма қызметкерлері жұмысына тыңғылықты шопырға: «Әу, Едка, бізде қал, найман бол, үйлендіреміз, жағдайыңды жасаймыз» деген үгітке салыпты. Сонда қандала Едка: «Жезқазғанда найман болғанша, Ақтоғайда маймыл болғаным артық» деп жауап берген екен.
Орта мектептің кочегары Петр Майерден біреу-міреу: «Ия, Петр, аман-есенсің бе?» деген сәлемге, ол: «Е, әйтеуір Ниқамбек бізді немістен қалдырған тұқым болған соң, тәубе, әзірге аман-есен жүріп жатқан жәйіміз бар» деп мысқылдап жауап береді екен. Ондай жауаптың астары, Отан соғысына қатысып келген Ниқамбек ағаның жиендері шығарған, оның өзінің аузынан шықты-мыс деп, ел арасына таратып жіберген қалжың-әңгімелер немістердің де құлағына жеткен. Ниқамбек аға соғыстағы «ерліктерін» былай айтыпты-мыс: «Бір күні фашистермен қиян-кескі шайқас үсті, оларға пулеметімнен оқты қардай боратып, қырып-жойып, аямай жаусатып жатқан едім, біреу иығымнан тартып, «жетер» дегені. Фашисттерге әбден ыза-кегім басылмай, тістене бұрқанған етқызу басым, тоқтар емеспін, оның қолын қағып жібердім де, пулеметімді дырылдата оқтарды жаудырата бердім. Пулеметімнің ұшы да қызып кетіп, түтін шыға бастады. Оған қарайтын мен жоқ, атып жатырмын, атып жатырмын, фашист немістер жапырыла құлап жатыр… Әлгі адам сол жақ иығымды қаттырақ тартып: «Ниқошка, жетеді енді, немістерден де тұқым қалсын, қалғанын тірідей ұстаймыз» дегені. Оған басымды бұрып қарасам, маршал Василевский екен».
Ел аузында жүрген тағы бір қызықты хикаяның кейіпкері Отан соғысының ардагері, қашанда бет-жүзге қарамай турасын мәймөңкелемей анық айтатын марқұм Рымбай Жанкин аға. Бірде аудандық мәдениет үйінің халыққа лық толы кең залыныда 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп жатады. Жиналыс барысында басқа да соғыс ардагерлерімен қоса Рымбай ағаға сөз беріледі. Ол мінбеге көтеріле отырғандарды асықпай көздерімен бір шолып өте: «Осы отырғандардың арасында төңірекке «ерліктері» жайылып ел аузына ілінгендер жетерлік. Бірақ мен өз шындығымды айтайын. Әскер қатарына алындық, бізге «жат, – деді, – жаттық, ат, – деді – аттық». Сонда 5 жыл бойы соғыс кешіп бір немісті көрсем, көзім шықсын. Өмірімде бірінші көрген немісім – ауылдағы мына отырған Гених Едка», – депті де мінбеден түсіпті. Залдағылар қыран-күлкі болыпты.
Аудандық бір мекемеде «еден жуушы» болып неміс әйелі істеген екен. Бірде оған бастығынан кеткен ескертпеге: «Маған жасаған қоқан-лоққыңыз көк тиынға татымайды, қайда жүрсем де өлмес күнімді көрермін, «күрекке қоқыс табылар» деп тойтарыс беріпті. Мен оның жауабының бір сөзін сыпайлатып айтып отырмын. Шынында «қоқыс» деген сөздің орнына анайылау сөз айтылған еді.
Андрей мен Николай Беркле деген ағайынды немістер қазақ тіліне аса жүйрік болған, алдына жан салмаған. Сөздерді бұрқыратып, алдындағы пенденің о жағы, бұ жағынан үдетіп, іліп-шала екпіндете кімді болсын бөрігін теріс айналдырып, басын есеңгірете бездіртіп жіберетін қабілеттері болатын. Андрей Беркле «менің руым тобықты» деп жар салатын, сөз арасы мәтелдетіп, іркілмей ескі өлең-қиссалардан үзінділерді төгіп-төгіп жіберетін. Бірде аудандық автоинспектор оның шопырлық «правасын» алып қоймақшы болып, қыспаққа алып тұрғанда, ол: «Бауырым, мені аясаңшы, қолымда сегізжарым балам бар, «правамды» алып қойсаң, оларды қалай асыраймын?!» деп өтіліпті. «Сегізің дұрыс, ал «жарымың» не? – деген сұраққа, Андрей: «Жарты балам әйелімнің құрсағында» депті. Андрейдің тапқырлығын сыйлап автоинспектор оның «правасын» қайтарып беріпті.
1970 жылдардың соңы болуы керек, мен мынадай таңғаларлық көрініске куә болдым. Алматыдан туып-өскен ыстық Ақтоғайға келіп – кетіп жүрген кездердің бірінде көше бойы екі неміс азаматы бірімен-бірі таза қазақша: «Ия, Роман, қал жақсы, үй-іші, бала-шаға аман ба?», «Ия, Вилли, өзің қалай, ауыл-аймағың аман-есен бе?» -дегендерін ести бара, іштей: ойпырмай, бұл немістер бөгде адамдар болмаса да қазақша сөйлеседі екен ғой – деген өзіме «жаңалық» аштым.
Германиядағы ақтоғайлық немістер шат көңілді, кеңпейіл бұрынғы мекендеген Ақтоғай елін, жерін аңсап, сағыныштан көңілдері құлазығанда «Ақтоғайым» әнін айтып («Ақтоғай – алтын бесігім», мәтіні – Абзал Бөкеновтікі, әуені – Дәртай Садуақасовтікі) шалқытып алады екен. Өсіп-өнген алыстағы ыстық өлке, кеңпейіл ақтоғайлықтар ойға түсіп, әркез көз жастарын көл қылатын кездері де болып тұрады екен. Біз де ауылдас болған немістерді еске алып тұрамыз.

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер.

2004 жылы Зекен Әлиевтің шаңырағында түсірілген сурет.
СУРЕТТЕ: оң жақта – Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button