Қазақ өлеңі қайда барады?

(1997 жылғы әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамадан үзінді)

Өткен жылғы таңдаулы жыр кітаптарының қатарында Қарағанды облыстық баспаханасынан шыққан Тұрсын Жұмаштың «Періште» деп аталатын жыр жинағын атағым келеді. Тұрсын ақын – оқырманға жете қоймаған, әдеби ортаға беймәлім есім. Тек 1992 жылы «Жас қазақ» газетінде оның Есенғали Раушановтың алғысөзімен жарияланған топтама — сына елеңдесіп қалған едік. Сондағы «Мен де бір тұлпарыңмын тағдыры бар, Даланың кеңдігінен байқалмаған» деген жолдар есте қалыпты. Сол Тұрсын:

Мына мені бір күні еске түсіріп,

Жылайсыңдар тағдырымды түсініп.

Бұл фәниден шындық іздеп жүргенде,

Алып кетті қанатына құс іліп! – деп өлеңдетіпті де, осыдан екі жыл бұрын, 36 жасында мәңгілік мекеніне сапар шегіпті. Оның өмірді керемет сүйген үлкен дарын иесі екеніне өлмес жырлары дәлел. Тұрсын газет-журнал редакциялары мен баспаларды жағалап көрген жоқ. Керек десеңіз, Алматыға да Құдай жалғыз рет жолын түсірмепті. Жауыр торысымен қой соңында тепеңдеп жүрсе де, Тұрсын ақын әлемге өзінің кіндік мекені Балқантаудың биігінен қарап үлгеріпті. Оның өлеңдерінде даланың кеңдігі, бұлақтың күлкісі, жусанның иісі бар. Өмір жақсы, өйткені, күн бар мұнда,

Ажал оғын атады кім дарынға?

…Ұшып кетті дүр етіп көгершіндер,

Қарғаларды үркітіп тұрғанымда, – дейді Тұрсын. Қарапайым да терең иірімді, мінезді жыр — лар. Тұрсын Жұмаш ақынның өлеңдерінің аз тиражбен болса да оқырман қолына тиюіне күш салған қарағандылық журналист Айтбай Сәулетбектегі мен талантты ақын Серік Ақсұңқарұлының азаматтығына бас иіп, алғыс айтқан жөн.

…Бұлақтарға қызығып тасып аққан,

Табанына таулардың тасы батқан.

Қазыбек би ауылында бір ақын бар,

Сені ойлаумен күн-түні басы қатқан.

Қалып қоймай ауылда, отбасында,

Ол да бір күн жетеді, тоқтасын ба?

Бір-ақ шумақ өлеңі қалады оның

Балқантаудың ойылып көк тасында…

Осындай қанатты жырлар талдауды қажет ете қоймас. Біздің қолымызға түскен шап-шағын «Періште» жыр жинағы арқылы менің құрдасым Тұрсын Жұмаш ақынның өлмейтін екінші ғұмыры басталғанына сенгім келеді.