Бас тақырып

Атаулы әлеуметтік көмек: жаңа тәсіл, жаңа ереже

Жаңа жылдан бастап, бірқатар заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Соның бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға қатысты. Өмірдің күрделі жағдайына тап болған отбасыларды қорғап, қолдауға арналған жәрдемақы беруде биыл өзгешеліктер бар. Сонымен қатар, отбасы табысына қарамастан көпбалалы отбасыға төленетін жаңа жәрдемақы да осы жылдан беріле бастады. Бұл туралы баспасөз өкілдеріне арналған брифингте облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов баяндады. Сондай-ақ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мәлімдеді.

 

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметке қатысты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмаларды жүзеге асыруда Үкімет ауқымды жұмыс атқарып, тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістер – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыста. Осыған байланысты ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Бірақ, бұл бағыттағы жұмысты бір брифингпен тоқтатпаймыз, әлеуметтік желілер арқылы да тікелей эфирге шығып, жүргіземіз. Өйткені, бір брифинг арасында толық мәлімет беру мүмкін емес, – деді Абзал Нүкенов.

Абзал Нүкенұлы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматына тоқталды. Мұндағы мақсат – ашықтықты, әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік әлсіз тобын қорғай отырып, жұмысқа ынтаны арттыру дейді. Жаңа тәсіл арқылы көпбалалы аналарға кешенді, жан-жақты көмек көрсетіледі. Енді атаулы әлеуметтік көмек жаңа ереже бойынша беріледі.

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Бұрын арнайы комиссия 6 немесе 12 айға тағайындаған болатын. Оған қоса, жаңа ережелер негізінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Елордада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамдарға немесе отбасына шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Қарағанды облысында АӘК отбасының әрбір мүшесінің табысы 20199теңгеденаспағанда тағайындалады. Тағы бір жаңалық – жұмысқа орналасудан бас тартқан еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту. Мұндайда АӘК алу құқығынан өтініш беруші ғана емес, отбасының басқа да мүшелері айырылады

  • Біз барлығымыз масылдықпен күресу керектігін түсінуіміз керек. Ол үшін мемлекет «Еңбек» бағдарламасын іске қосты. Онда тек азаматтарды жұмысқа орналастыру ғана емес, осы бағдарлама бойынша жалғызбасты және көпбалалы аналардың өз ісін бастау үшін мемлекеттен 200 АЕК көлемінде грант алуы қарастырылған. Өткен жылы 1919 отбасы осындай грантқа ие болды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов

АӘК тағайындаудың жаңа үлгісі бала күтімімен айналысатын аналарға табыс табуға мүмкіндік береді деп болжайды. Ол үшін өңірде арнайы орталықтар құрылады.

– Бүгінгі таңда біздің алдымызда аз қамтамасыз етілген отбасыларды жұмыспен қамту және әл-ауқатын жақсарту міндеті тұр. Ол үшін жергілікті атқарушы органдармен бірге көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды үй бизнесімен айналысуға тарту үшін шаралар қабылдануда. Өңірлерде «Бақытты отбасы» орталықтары құрылады, олар жұмыспен қамтуды және жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруға, бизнес дағдыларына оқытуға бағытталатын болады. Бұл әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік береді, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова. АӘК тағайындаудағы тағы бір жаңа ереже учаскелік комиссиялар институтын күшейтуге қатысты. Жаңа жылдан бастап отбасының материалдық жағдайын тексеру мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайды.

Жаңа тәсілдер балалар санына байланысты сараланған мөлшердегі кірісті қоспағанда, 13 307 көпбалалы отбасыларға (42 500 ден 74 400 тенгеге дейін) жәрдемақы тағайындауды қарастырады. Төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар барлық отбасылар табысқа қарамай, осы жәрдемақыны алады. Егер отбасында ересек балалары болса, бірақ олар әлі 23 жасқа толмаған және орта арнаулы және жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыса, онда мұндай отбасылар да жәрдемақы алуға құқылы.

Төрт баласы бар отбасылар айына – 42 500 теңге, бесеу – 53125 теңге, алты – 63 750 теңге, жеті және одан көп баласы бар отбасыларға – 73 375 теңге, төлеуді жоспарланған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсыну (азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз ету; тегін тамақтану, мектеп формасы, жеңілдетілген тариф) балалар үшін АӘК төлеу орнына енгізілді. Жалпы алғанда, жаңа тәсілдерге, оның ішінде әлеуметтік көмек және 2020 жылға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 3 миллиардтан астам теңге қарастырылған.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button