Ата заң аясында – азат ел

Ата Заң берген кепілдіктер кемел іске асып келеді. Конституцияда халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына кепіл болатын баптардың жемісі – бүгінгі күн. Елімізде түтін түтеткен әрбір қазақстандық ұлтына, ұлысына қарамастан, конституциялық құқығын қолдана алатын құқықтық қоғамда өмір сүріп отыр. Конституция күніне арналған Достық үйіндегі дөңгелек үстел басына жиналған қауымның пікірі осыған тоғысты. «Азат елдің ар-намысы – Ата заң» деп айдар таққан дөңгелек үстел басынан сан алуан сала, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, түрлі мәдени орталық өкілдері табылды.

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Конституция аясында еліміздің өсіп-өркендеу жолдарына тоқталды. Ата Заңда атап көрсетілген құндылықтар қоғамда басты назарда. Сол арқылы Қазақстан халықтың болашағы үшін әлемдік аренада өзінің орнын айқындап келеді. Конституцияда әрбір тұрғынға берілген кепілдіктердің мүлтіксіз орындалуы дәйім бақылауда. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аталып өтіп отырған мерекеге еліміз толағай табыстармен келгені де айтылды.

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыс әкімі:

Елбасының басшылығымен бет алған бағытымыз одан әрі нығая түсетіні сөзсіз. Ал, табысты болашақ кепілі – Ата Заң. Қазақстан Республикасы Конституциясы аясында еліміз әлі де талай жетістіктерге қол жеткізетіні даусыз.

Мемлекеттің құқықтық қайнар көзі болып табылатын Ата Заңның рөлі мен маңызы туралы пікірлерден жиналғандар ортаға салды. Пікір білдіргендердің баршасы – қазіргі таңда Конституция мәні – Қазақстандағы бейбітшілік пен тыныштық екендігін атап отыр. Бірлік, ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық – мемлекет саясатының нәтижесі екені және айтылды.

Ата Заң тарихында Қазақстан экономикасы қарқынды өсті. Бұл халықтың әл-ауқатының артуына да әсер етті. Мемлекет жыл сайын денсаулық сақтау, зейнетақымен қамтамасыз ету, қоршаған орта және білім беру салаларында әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып келеді.

Гүлнар РЫСМАҒАМБЕТОВА, «Болашақ» Қарағанды универ­ситет­інің проректоры, облыс­тық Қазақстан халықтары Ассамб­леясының ғыл­ыми-сараптау тобы­ның мүшесі:

Конституция қабылданған кезден бастап, тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық өркендеу қамтамасыз етілді. Конституция негізінде заңдар қабылданды. Соның арқасында мәдениеттерді, тілдерді дамытуға мүмкіндік берілген.

Елімізде құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясы өзінің 21 жылдық тарихында нағыз ұлтаралық татулықты қамтамасыз еткен димпломатиялық ұйым бола білді. Бүгінде Ассамблея тек кеңес беру ұйымы емес, оның қоғамдық мәні жоғары. Ол – ұлтаралық нығайтуға ықпал етуде.

Конституцияда атап көрсетілген құқықтардың барлығы жүзеге асуда. Конституция бүгінгі табыс кепіліне айналды.

Ата Заң адамдардың тең құқық­тылығы, пікірлердің алуандығы, халықтың егемендігі, меншікке қол сұғыл­маушылық сияқты іргелі бастау­ларға негізделген ұлттың қағидалары мен мақсаттарын анықтап берді. Адам құқығы мен бостандығын құрметтеу – мемлекет пен қоғамның негізгі құндылығы.

Конституцияның нормалары мен ережелері әлемдік стандарттарға, Жалпыға ортақ адам құқығы декларациясы мен халықаралық актілердің ережелеріне жауап береді дейді мамандар. Қолданыстағы Конституция­да азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары нақты көрсетілген және шынайы кепілдендірілген.

Эльмира СЫЗДЫҚОВА, 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы ХХХІ Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:

Біздің байрағымыз Рио-де-Жанейрода көтерілгенде, жас елімізді әлемге таныта алғанымыз үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Елімізде жастардың болашағы үшін барлық мүмкіндік жасалған.

Ал, облыстың әлеуметтік-экономи­калық өркендеуіне, татулық пен бірлікті, келісім мен тұрақтылықты дамытуға үлес қосқан тұлғалар облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Дөңгелек үстелді түйіндеген көптің қосыла шырқаған «Атамекен» әні еліміздегі татулықты және бір паш еткендей еді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.