Қасыммен сырласу

«Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасында ІІІ орынды еншілеген қарағандылық ақын Ерік Нарынның өлеңі.

Шындық біткен бұлқынып кермелерде,
Қаңқудай боп таралып елден-елге.
Жатыр және азалы ғасыр аунап,
Құрт меңдеген жаралы кеуделерде.
«Ар» дейміз-ау, сол ардан аттап алып,
Бөлеміз кеп жалғанды ақ-қара ғып.
Мына біздің құдықтай көкіректе,
Шәкәрімдей бір шындық жатқаны анық…
Айтар сөз көп, кімде не сабыр қалды,
Айтар едім, сөзде не қадір қалды?!
Кеудем – Қарлаг*,
жүрегім – шерлі тұтқын,
Соққылайды түнімен қабырғамды.
Мінбелерден айқайлап ез, жасығы,
Түрмелерден түсе алмай көзге асылы,
Өжеттігі әлдене бүлдірер деп,
Рэмбоны* да қаңғыртқан өз ғасыры.

Көшелерден неше рет шеру көшті, ей,
Сонда да бір толмай жүр көңіл мешкей.
Айтармыз деп күтеміз бір уақытты,
Ашынасын сағынған көңілдестей.

*Қарлаг – саяси тұтқындарға арналған
Қарағанды лагері
* Жан Николя Артюр Рэмбо –
француз ақыны

Ерік НАРЫН.
Қарағанды қаласы.