Ашық жатқан карьер: залалы мен зауалы

          Кенін алып, қара жердің ішек-қарнын қопарып, я болмаса, кені біткен соң тайқазан асқандай ойылған орнына су толтырып, жайына тастап кету – өндірістердің өмірбақилық дағдысы. Ал, оның қоршаған ортаға, жан-жануарға, сол маңайда тіршілік еткен бұқараға тигізер зияны туралы кем айтылып жүрген жоқ. Алайда, айтылғаннан әріге бармай, тозған жерді рекультивациялау мәнін жоймады. Бүгін біз ашық қалған кен орнының залалы мен зауалына үңілеміз…

Ғалымдар кеннен соң ашық-шашық қалатын орындар туралы дабыл қаққаны қазір емес. Ғалым түгілі, сол маңайдағы ел-жұрт та зар илейді әлі де. Ғылыми тілде тау-кен жұмыстары барысында тозған жерлерді рекультивациялау деп аталатын бұл бағыт неге тарс естен шығып отыр?
Қолымызда бар деректер бойынша елімізде өнеркәсіптік нысандары құрылыс жүргізуде, кен орындарын игеруде, геологиялық барлау жұмыстарын атқаруда 171 мың гектар жер бұзылған. Соның ішінде, 49,9 мың гектары істен шығарылып, жарамсыз танылған екен. Ал, зерттеушілердің айтуынша, ол жерлерді қалпына келтіруге әбден болады. Тек, құнт пен нақты қарекет керек.
Мәселен, мәліметтер тозған жердің ең көп үлесі Қарағандыға тиесілі дейді. Нақтыласақ, бүгінгі таңда Қарағанды аймағында 41 мың гектар жер тозыпты. Оған қоса, 10 мың гектар жер жарамсыз ретінде қолданыстан шығарылған. Ал, қалпына келтірілгені бар-жоғы 0,9 мың гектар екен. Үлеске шақсақ, 1 пайызға да жетпейді.
Ол аз десеңіз, ел аумағында өнімділігі төмен алқаптарда жайылуға арналған топырақтың құнарлы қабатының 21,8 млн.текше метрінде үйінділер сақталуда көрінеді. Ғалымдар жария еткен деректерге үңілсек, оның басым бөлігі төрт облыста жинақталыпты. Оның бел ортасында Қарағанды тұр. Бұл көрсеткіш – Қарағандыда 3,4 млн. текше метр екен.
Сонымен, бұл проблеманың түп тамырына үңілейік. Оның төркіні – бұзылған жерлерді қалпына келтіруге өндіріс орындарының мән бермейтіндігінде. Талап етуші құзырлы орындардың қарасы кемдігі. Содан барып, табиғат, ауа, су ластанып, тұрғындардың денсаулығына залалы тиеді. Ал, оның зауалы кімде?
Қарағанды аймағында кезінде дүркіреп тұрып, кейінде қаңырап қалған кен орындарынан зиянды қалдықтардан радиация тарайтынын айтып, ешкімді таңқалдыра алмасымыз анық.
Ашық кен қазу әдісі карьер салынатын жерде құнарлы топырақты жарамсыз күйге ұшыратумен қатар, өндіріс кезінде шығарылатын түрлі газдар, химиялық қосылыстар сол маңайдағы халық денсаулығына бірден-бір қауіп. Бұзылған жер бетін қалпына келтіру, яғни, техникалық және биологиялық өңдеу, сондай-ақ, бөлінетін зиянды газ және тозаңдармен күрес өндірістерде мүлдем жүргізілмейді. Айталық, Қарағанды облысындағы Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы, Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап,желге ұшып жатыр. Оның мөлшерін есептеп жатқан тағы ешкім жоқ. «Бұларда қауіптілігі 1-3-класты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флотация қалдықтары көп» дейді деректер.
Бұл кеніштердің ахуалы бұған дейін талай жазылған да, айтылған да. Жылдар бойы кені игеріліп, қазір қаңтарылған комбинаттардың кеніштерінен радиация тарамайтынына кім кепіл? Осыдан біраз жыл бұрынғы деректер Ақшатау кентінде радонның радиациясы күшті екенін көрсеткен-тін. Нілді кенішінің орнында көлшік пайда болған. Одан мал да, құс та су ішеді. Қысы-жазы суы бір сарқылмайтын бұл кеніштің тереңдігі қанша екенін ешкім тап басып айта алмайды. Ауыл адамдарының сөзіне сенсек, көз жетпес тұңғиық. Қазір кеніштен қалған карьер сол қалпы ашық жатыр. Жаз шықса, сасып, борсып кететін кеніштің суы біршама мал мен жанның өліміне себепші де болыпты.
Көнекөздердің айтуынша, шаң-тозаңнан денсаулыққа келер зиянды есепке алмағанда, ашық кен орындарының көбеюі онсыз да суы кем аймақтардағы су көзінің тартылуына әкеліп соғып жатқан көрінеді.
Жалпы, зерттеулерге үңілсек, радиоактивтік сәуле адамның денесіне кедергісіз енеді екен. Адам өзінің сәулеленгенін сезбейді де. «Ондайда бүкіл дененің жасушаларындағы атомдар қозғалады да, биохимиялық процестер өзгереді. Оның соңы ағзаның тұтастай жүйесінің бұзылуына, ішкі органдардың істен шыға бастауына апарып соғады» дейді мәліметтер. Америка ғалымдарының пікірінше, қатерлі ісік ауруының 90 пайызы – қоршаған ортаның әсерінен. Жаман ауру ластанған және индустрияландырылған аудандарда көптеп кездеседі.
Бізде кеніштер ашық-шашық. Одан радиациялық фон тарамайды деп кесіп айту мүмкін емес. Радиациялық фон 16 рентгеннен аспауы қажет болса, бір кездері Ақшатауда ол 3 жарым есеге артықтығын дәлелдейтін мәліметтерді көргенбіз.
Сондықтан, ғалымдардың жарғақ құлағы жастыққа тимей зар илейтін тозған жерлерді рекультивациялау – өзекті. Бұл – ұзақ ойлануды күтпейтін іс.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.