Жаңалықтар

Ардагерлермен ақжарқын әңгіме

Жас ұрпақтың рухын күшейту мен Отанға деген махаббатын ояту мақсатында Достық үйінде «Айбын» әскери-патриоттық клубы құрылған болатын. Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңіске 74 жыл толуына орай, клубтың алғашқы отырысы Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлерімен кездесуден басталды.

Кездесуді құттықтау сөзімен ашқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын клубтың бүгінгі күні өзектілігін, сондай-ақ, бабаларымыздың ерлігімен келген ел мен жердің тұтастығын сақтау үшін ымыра мен бірліктің маңызы зор екенін атап өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бекет Қабдулов пен Серафима Пономорева соғыстың соқтықпалы соқпақты жолдары жайлы баян етті. Алмағайып кезеңде қасық қаны қалғанша күрескен батырлардың ерлігін, бастарынан кешкен тауқыметті естеріне алып, жас ұрпақты бейбіт заманның қадірін білуге үгіттеп, елдік пен тәуелсіздіктің ғұмырлы болуына тілек қосты.

Жиын соңында қонақтар №77 балабақша кешенінің тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров атындағы «Ұлттық ұландар» кадеттер сыныбы мен Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектептің «Жас ұландар» ұйымының мерекелік бағдарламасын тамашалап, жиын әсерімен бөлісті.

Клубтың негізгі міндеті – әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен мотивациялық алаң құру, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қозғалысының «Жас сарбаз» республикалық жастар ұйымымен әріптестікті нығайту, орта мектептермен белсене жұмыс атқару, Қарулы және құқық қорғау органдарының ардагерлерін ортақ мүдделі әрекеттерге тарту.

Клуб төрағасы Рустам Байзоллаұлы «Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілігін сақтайтын да, оны дамытатын да өскелең ұрпақ. Еліміздің болашағы жастардың ақылды, күшті, еңбекқор, адал болуына тікелей тәуелді. Осы мақсатта, алдағы уақытта клубтың ауқымын кеңейтіп, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу мақсатында шаралар ұйымдастырмақпыз. Бүгінгі алғашқы отырысымызда ардагерлер өздерінің ескірмес естеліктерімен бөлісіп, ақ тілеулерін білдірді» деді. Осылайша, облыстық ҚХА, қорғаныс істері жөніндегі департамент, Ауған соғысы ардагерлерінің аймақтық одағы және «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалы арасындағы ынтымақтастық алғашқы отырыстың өзінде-ақ жүзеге асты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

 

Басқа материалдар

Back to top button