Қарқаралы

Ардагерлер тәлімі – ұрпаққа өнеге

   «Нұр Отан» партиясының Қарқаралы аудандық филиалында Ауғанстан соғысына және тәжік-ауған шекарасында әскери қимылдарға қатысқан ардагерлермен кездесу өтті. «Ардагерлер бір тудың астында» тақырыбындағы кездесудің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді кеңінен талқылау болды.

Елбасы мақалада «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – деді. Осыған орай,  Отан тыныштығын, тұтас­ты­ғын қорғау ісіне араласқан арда­герлердің ерлігін насихаттай отырып,  ұрпақ бойында патриот­тық сезім қалыптастыру – кез­де­судің көздегені болды.

Аталмыш шара қан майданда қаза тапқандарды үнсіздікпен еске алудан бас­тал­ды. Аудандық мәслихат де­путаттары, ардагерлер мен студенттердің назарына сар­ғайған суреттер сыр шерткен арнайы бейнеролик ұсынылды. Сол кездердегі өрімдей жас жігіттер арнайы оқу-жаттығудан өткізіліп, ұрыс ушығып тұрған мекендерге жіберілді. Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарған қылшылдаған жиырма жасар азаматтардың алды – бүгінде ел ағалары.

Жиында Ауғанстан соғысы ардагері Ержан Мизамбаев, тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлердің аудан бойынша филиалының төрағасы Елдос Ерманов қатысушыларға жылы лебіздерін арнады. Ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірген аудандық мәслихатдепутаты Манарбек Кәрім жас ұрпақтың бойына ұлтқа деген, елге, жерге деген сүйіспеншілік пен намысты, қайрат пен жігерді қалыптастыратын осы бір шараның ауқымын кеңейтіп, маңыздылығын арттырса деген ұсынысын айтты. Сонымен қатар, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Орынбасар Қыстаубаев Серікбол Искаковқа, Сырымбет Шайбуйдаковқа, Рысбек Әміровке тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушы куәлігін табыс етті. Ал, ҚР Қарулы Күштері ардагерлер кеңесінің аудан бойынша төрағасы Нұржан Тәшенов мемлекеттік шекарада әскери борышын өтеген ҚР Шекара қызметінің ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісін Елдар Әбілқасымовқа тапсырды. Жүрегі бір, тілегі бір,елі бір азаматтардың басын косқан келелі жиын Бақытжан Үйсінбаевтың орындауындағы «Біздің елдің жігіттері» әнімен қорытындыланды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button