Ардақ тұтар алтын ұя

Қарағанды қаласының іргесінде қыста қар, жазда жасыл желек жамылған шағын кент бар. Оның тарихы Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардан бастау алады. Ел арасында оны «Финский кенті» деп атап кеткен. Ол атау үйлердің фин үлгісімен салынуынан пайда болған. Күн санап тұрғындар саны артқан кентте мектеп тұрғызу қажеттігі де туындады. Тиісінше, жаңа білім ошағы да бой көтерді. Ол – өткен жылы мерейлі жетпіс жылдығын атап өткен №60 мектеп еді.

Мектептің алғашқы ғимараты бір қабатты болып, ағаштан салынды да, дүкен, балабақша, клуб сияқты инфрақұрылымы шоғырланған кенттің қақ ортасында орналасты. Мектепті ең алғаш басқарған директор – А.Нечаев. Мектепке барлық бала симағандықтан, 1-4 сынып оқушылары бұрын қала мен кентті салуға қатысқан әскери тұтқындар тұрған басқа ғимаратта оқитын болды. Ол Пришахтинск автобазасының тұсында орналасты. Сөйтіп, тоғыз жылдық мектептің негізгі ғимаратында 5-9 сынып оқушылары білім алды.

Екінші басшысы И.Серебряков келген күннен бастап мектеп көркейе түсті. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары ашылған Қарағандыдағы мектептердің барлығы бір үлгімен салынған еді. Алайда, №60 мектеп бәрінен де ерекше болды. Себебі, бұл мектептің жобасы, орналасқан жері ескеріле отырып, директордың ұсынысымен жасалған болатын. Жобаны И.Серебряков Мәскеуден әкелді. Жаңа үш қабатты, кірпіштен салынған мектептің ғимараты кенттің нағыз көрнекті орнына айналды. Бұл кісі үшін мектеп жұмысы ғана емес, бүкіл өмірі болды деуге болады. Әлі күнге дейін бұл мейірімді де кемеңгер директорды жергілікті тұрғындар зор сүйіспеншілікпен еске алады.

1968 жылы 1 қыркүйекте №60 мектептің жаңа ғимараты алғашқы шәкірттерін қабылдады. Осы кезден бастап орта мектеп болды. Алғашқы 10-сынып бітірген түлектері қазір 66 жаста. Кенттің жергілікті тұрғыны Фарида Мұхтеева сол кезді былайша еске алады: «Мектептің жаңа ғимаратына біз үшінші сыныпта келдік. Екінші сыныпта оқыған кезімізде оның құрылысына апарған еді. Прораб бізге құрылыс барысы жайлы әңгімелеп берген. Оның әңгімесінен кейін есімде қалғаны – мектепте бомбапана болатыны. Балалар көп болғандықтан, біз алғашқыда екінші ауысымда оқыдық. Сол 1968 жылы сегізжылдық мектептен онжылдық мектеп болып өзгерді. Шатырында география мұғалімі қарамағындағы метеорологиялық мұнара бар еді. Біз сол жерде көп уақытымызды өткізетінбіз. Құрылғылардың есептерін алатынбыз. Онда жылуды тіркейтін өздігінен жазғыш құрылғы, жауын-шашын деңгейін өлшеуге арналған құрылғы, желдің бағытын көрсететін жалауша, барометр болатын. Көктемде осы шатырдан кент жап-жасыл желекке оранып, өте әдемі көрінетін. Бұл Финский кентінің ерекше гүлденген кезі болған шығар».

Уақыт өте келе бәрі өзгерді. 1990 жылы И.Серебряков құрметті демалысқа шықты. Кейін, аз уақыт мектепті Т.Малик басқарды. Ал, В.Кульбаның мектепті басқару кезі өткен ғасырдың 90-шы жылдардағы құлдырау кезеңіне дөп келді. Бұл кезде біздің мектеп те қиыншылық көрді. Көптеген тұрғындар қоныс аударып, сонымен бірге балалар саны да азайды. Сынып саны қысқарды. Мектеп жылу мен қаржы тапшылығын да бастан өткерді. Уақыт өте келе, ұжым жастармен толықты. Олардың арасында осы мектептің түлектері де болды. Бұлар өз ісін жақсы көріп, әрі қарай оны жалғастырған шығармашыл жандар еді.

2008 жылы мектепте «Жұлдыз» шағын орталығы ашылды. Араға бес жыл салып, алғашқы қазақ сыныбы ашылды. Ол орыс тілді сыныптардың арасында ерекше дараланып тұрды. Қазір сол алғашқы қазақ сыныбының балалары жетінші сыныпқа қадам басқалы отыр. В.Кульба зейнеткерлікке шыққанға дейін мектеп ерекшелігін сақтауға тырысты.

2017 жылдан бастап мектепті Наталья Акатьева басқарады. Ол кісінің келуі мемлекет тарапынан білім саласына көбірек көңіл бөлініп, қолдау көрсете басталумен тұспа-тұс келді. Сондықтан, мектептің жаңа бір даму кезеңі басталғандай болды. Мектеп ғимаратының іші мен сырты қалпына келтіріліп, жаңартылу үстінде. Оқушылар саны да артып келеді. 2018 жылы мектептің 70 жылдық мерейтойы аталып өткенде шақырылған қонақтар мен мектеп түлектері білім ошағындағы өзгерістерді көріп, мектеп басшылығына өз ризашылықтарын білдірді.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді, туған жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру керек екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта биылғы ақпанда мектеп тарихынан сыр шертетін шағын мұражай ашылды. Онда оқушылар мектеп тарихымен танысып қана қоймай, елімізде тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдерінің дәстүрімен, қазақ халқының ұлттық мұраларымен таныса алады.

Сондықтан, осы мектептің бүгінгі шәкірттері үшін білім алтын ұяның жас ұрпаққа берері мол екеніне толық сенімдіміз.

Н.ӘШЕНОВА,

Б.БЕКСҰЛТАНОВА,

Т.АЛТАЙБАЕВА.

№60 орта мектеп оқушыларының ата-аналары.