Жаңалықтар

Қарағандылық спортшылар жарап тұр

Қарағандылық спортшылар байрақты бәсекелерден құр қайтып көрмепті. Күні кеше ғана өткен Азия ойындарында қарағандылық спортшылар 11 медаль тағынды. Әлі де алар асулары алда. Жалпы аймақтағы спорт дамуы туралы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Дмитрий КАРПОВ брифингте толығырақ баяндады.

Биылғы жылы спорттық шаралардың ең маңыздысы – 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияда өткен Азия ойындары болды. Қазақстан құрамасында Қарағанды облысының 34 спортшысы 10 спорт түрінен бақ сынады. Азия ойындары Азиада тарихындағы ең ауқымды шара болып танылды. Ойынға 12000 спортшы 46 мемлекеттің намысын қорғап келді. Ал, спорттың 40 түрінен 476 медаль сарапқа салынды.

Азия ойындарында қарағандылық спортшылар өздерінің жоғары дәрежедегі спорттық шеберлігін паш етіп, 11 медальді қанжығасына байлады. Жезқазғандық самбошы Бағлан Ибрагим алған жарақатына қарамастан алтыннан алқа тағынды. Дзюдо күресінен Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов, Санжар Жабборов үш күмісті иеленді. Ал, әйелдер арасындағы күрестен – Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен – Ерұлан Ысқақов, джиу-джитсудан – Нұржан Сейдуәлі, самбодан – Бейімбет Қанжанов, жеңіл атлетикадан – Римма Кашафутдинова және де синхронды жүзуден апалы-сіңлі Екатерина мен Александра Немичтер қарағандылықтардың қоржынын 7 қола жүлдемен толықтырды.

Салыстырмалы түрде қарасақ, 2010 жылы өткен Азия ойындарында Қарағанды облысының атынан жеті спорт түрінен 20 спортшы қатысқан көрінеді. 2014 жылы Азиядада тоғыз ойын түрінен 23 жерлесіміз бақ сынады. Ал, 2018 жылы 10 спорт түрінен 34 спортшы өнер көрсеткен. Азия ойындарында Қарағанды облысының атынан қатысқан спортшылардың саны да, сапасы да жылдан жылға артқанын аңғаруға болады.

Айта кетейік, 30 қыркүйек күні Индонезиядағы Пара-Азия ойындарына 7 қарағандылық спортшы аттанады. Жерлестеріміз жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі және оқ ату сынды спорт түрлерінен елдің намысын қорғамақ.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button