Жаңалықтар

Қарағандылық спортшы Азия чемпионы атанды

Алматы қаласының әкімдігінің қолдауы негізінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен биылғы жылдың 16-21 сәуірі аралығында Алматы маңында Ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы І Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додада қарағандылық спортшы Нұрбек АМАНЖОЛ аударыспақтан 50 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанып, Қазақстан құрамасының қоржынын алтын медальмен толықтырды.

8 мемлекеттің балуандары білек сынасқан байрақты бәсекеде қарсыластарын асқан ептілікпен жер қаптырған батыр жігітіміз жеңіс тұғырынан көрініп ел мерейін үстем етті.

Нұрбекті өзінің оқу ордасындағы ұстаздары мен достары Ақадыр вокзалынан құрмет-қошеметпен қарсы алып, және өзі білім алып жатқан агротехникалық колледжінде арнайы кездесу ұйымдастырылып, оған колледж ұстаздары мен студенттері, сондай-ақ, Нұрбектің ата-анасы да арнайы шақыртылды.

Кездесуде аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин, колледж директоры Р.Оразханов, Нұрбектің жеңісіне құтты болсын айтып, аудан әкімінің Алғыс хатын және бағалы сыйлықтарын, сондай-ақ, Нұрбектің әкесі Нұрдосқа батыл да ер жүрек ұл тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс айтып және жаттықтырушысы С.Төлеуовке қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат жасады.

Кездесу барысында Нұрбекке жарыс сәттерінен сұрақтар қойылып, сайыста аттың да мықты болуы өте маңызды екенін, осы жарыста жаттықтырушысы С.Төлеуовтың атымен қатысқандығын, әсіресе, ақтық сында ауған спортшысымен болған сәт қиындау болғанын айтты.

Кездесуде колледж өнерпаздары әннен шашу шашып, чемпионның мерейін одан әрмен үстем етті.

Сондай-ақ, сейсенбі күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында баспасөз мәслихатын ұйымдастырған.

Білекті балуан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карповқа, бапкері Сағат Төлеуовке және қолдау білдірген «Қайрат» спорт мектебінің директоры Шаризат Қазтаевқа риза екендігін айтады.

– Жас жеңімпаздың алар асуы әлі алда. Ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту – бүгінгі күннің бірегей міндеті. Нұрбектің жеңісімен қанаттанған жас буын өкілдері осынау спорт түріне көптеп көңіл бұрары күмәнсіз, – деді жеңімпаздың құрметіне орай өткізілген баспасөз мәслихатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов. Ол ел мерейін үстем еткен спортшыға Алғыс хат тапсырды.

Шет ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button