Қарағандылық кәсіпкерлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуде

Қарағанды облысының кәсіпкерлері төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап төрт жүзден астап көпбалалы отбасыға қолдау көрсетті. 1 сәуірде Қарағанды ұн комбинаты облыс әкімдігінің қолдауымен аймақтағы аз қамтылған отбасыларға 1 тонна ұн үлестіріп берді.

— Кеше диірмен комбинатынан 40 көпбалалы отбасы көмек алды. Біз оларға 12 және 18 килограмм ұн үлестірдік, — дейді Қарағанды облысы бойынша «Талбесік» көп балалы аналар қозғалысы жетекшісінің орынбасары Айжан Байдильдинова.

Бүгін, 2 сәуірде, бұл жұмыс жалғасын тапты. «Ақжайық» кәсіпорны да жарты тонна ұн таратты.
— Біз жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне табысы төмен көпбалалы отбасылар тізімін жібердік. Олардың барлығына көмек көрсетілді. Мысалы, «Жас Отан» жастар қанаты 103 отбасын көкөніс және басқа да қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Жәке» шаруа қожалығы 80 отбасына 80 килограмм ет, «Алтын Арба» базары 110 отбасына азық-түлік үлестірді. Сондай-ақ, диірмен комбинаты мен «Ақжайық» кәсіпорны 60 отбасына ұн тарту етті, — дейді Қарағанды облысы бойынша «Талбесік» көп балалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметова.