Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда теміржолшылар марапатталды

Теміржол – еліміздегі көлік құрылымының маңызды буыны. Экономиканың қозғаушы күші ретінде бұл саланың жыл сайын дамып келе жатқаны қуантады. Арғы тарихын аймақта кен орындарының игерілуімен байланыстыратын Қарағанды теміржолы осы жылдар ішінде үнемі оң өзгерістер мен жаңа мазмұндағы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Алғаш Қарағанды көмір бассейнін жедел игеру нәтижесінде 30-жылдардың басында дами бастады. Содан бері, өндіріс ошағы теміржол тасымалының тарихын байыта түсті. Сейсенбі күні Қарағанды теміржол бөлімшесінің құрылғанына 80 жыл толуына орай мерейлі шара өтті. Онда облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіпорын ұжымын мерейтоймен құттықтап, бірқатар сала қызметкерлеріне құрмет көрсетті.

Салтанатты шараға еңбек ардагерлері, теміржол станциялары мен бөлімшелерінің қызметкерлері және өзге де қонақтар қатысты.

  • Теміржол қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке ие. Теміржол көлігі – ел экономикасының күретамыры. Қажырлы еңбекті талап ететін бұл жұмыстың ілгері басуы – сіздердің нақты жұмыстарыңызға, сенімділіктеріңізге және жауапкершіліктеріңізге байланысты. Саланың қалай жаңартылып, дамып келе жатқаны, өндірісті техникалық қайта жабдықтау және жаңғыртудан байқалады. Бұл ретте кадрлық әлеуеттің сақталғаны қуантады. Сіздердің тараптарыңыздан әлеуметтік мәселелерді шешуге, ардагерлерге қамқорлық жасауға, жастармен жұмыс істеуге үлкен көңіл бөлінеді, – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Содан кейін облыс әкімі Қарағанды теміржол бөлімшесінің қызметкерлері Гүлфара Кашакаева, Анна Цуприкова, Наталья Земцова, Ахат Жақсыбеков және Зура Иманнұрованың еселі еңбектерін елеп, Құрмет грамоталарын табыстады.

Ал, арнайы мерейтойлық медальдар теміржол саласының ардагерлері Қадыл Таласпеков, Юрий Расстрыгин, Александр Стародуб, Марат Хамзин және Болатбек Дүйсемалиевке бұйырды. Аталған құрметті «ҚТЖ – Жүк тасымалдау» АҚ Бас директорының жүк тасымалдау үдерісін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Мұхтар Жамбылов көрсетті.

Теміржол саласының қызметкерлері үшін басты атақ – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісі. Оны осы салада көп жыл еңбек еткен, дамуына елеулі үлес қосқан мамандар иеленеді. Сонымен қатар, жол қозғалысының қауіпсіздігі, жолаушылардың өмірі және жүктердің сақталуы үшін басын бәйгеге тіккендерге беріледі.

Мерейтой аясында аталған марапат теміржолда 50 жыл еңбек еткен Әбдіманап Бейсембаевқа табыс етілді. Ол Қаражал қаласы, Нұра ауданы станцияларының бастығы, Жомарт станциясында ревизор қызметтерін атқарған.

Қазір жұмыс біршама жеңілдеді. Бұрын небір бейнетті көрдік. Теміржол қауіпті аймақ болатын. Бойымызды қорқыныш билейтін. Қазір барлығы автоматтандырылған. Жұмыс жаңа технология арқылы жүргізіледі. Міне – жетістік пен жаңашылдық, – дейді марапат иесі.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленген Наталья Земцова бұл салада 17 жасынан бастап қызмет атқарады. Ол бұл салаға кездейсоқ келгенін айтады. Әуелде педагогикалық институтқа түскісі келген Наталья емтиханнан сүрінеді. Жас қыз еңбек етуге бел шешеді. Теміржол саласындағы еңбек өтілі 40 жылдан асады екен. Қазір Майқұдық станциясының белді қызметкерлерінің бірі.

1926 жылы алғашқы теміржол торабы Бурабай курорты және Ақмола арқылы Қарағанды қаласына дейін салынды. 30-шы жылдары жалпы ұзындығы 490 шақырымды құраған «Ақмола-Қарағанды» және «Қарағанды-Балқаш» темір жол тармақтары пайда болды.

Қазір облыста үш негізгі локомотив депосы – Қарағанды, Жаңаарқа және Балқаш өңірлерінде. Станциялар мен разъездер жүйелі жұмыс жасауда.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button