Қарағандыда Шәймерден Оразалиновпен қоштасу рәсімі өтті

Қарағанды қаласының бірінші әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Шәймерден ОРАЗАЛИНОВТЫ қарағандылықтар соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға марқұмның жақын-туыстарымен қатар, Парламент Мәжілісі депутаттары, министрліктер өкілдері, Қарағанды облысының басшылығы және аймақтың зиялы қауымы жиналды.

Қаралы жиында сөз алған аймақ басшысы Ерлан Қошанов Қарағанды облысына ғана емес, елімізге өлшеусіз еңбек сіңірген Шәймерден Әбілмәжінұлының туғандарына көңіл айтып, Қарағанды үшін де орны толмас қаза екенін жеткізді.

  • Біз қарағандылықтар бүгін көрнекті қоғам қайраткері, абзал ағамыз, халқына, еліне өлшеусіз еңбегі сіңген Шәймерден Әбілмәжінұлын соңғы сапарға шығарып салып тұрмыз. Шәкеңнің қағазға жазылған лауазымдары оның адами болмысын аша алмайтыны сөзсіз. Ол үшін Шәкеңді білу керек. Шәкеңді сезіну керек. Шәкеңмен бірге жүру керек. Бүгін осындағы жиналған қауым Шәймерден ағаны жақсы білеміз. Қандай еңбек жасағанын көзімізбен көрдік. Шәймерден ағамыз сан қырлы. Бір қыры – еңбекқорлығы еді. Сол еңбекқорлығын Қарағанды қаласын он жыл қиын кезеңде басқарғандағы атқарған істері арқылы жұртшылық жақсы біледі. Күрмеуі қиын кезеңдерде Қарағанды аман алып шыққанын және білеміз, – деді Ерлан Жақанұлы.

Одан кейінгі Мәжілісте депутат болған екі шақырылымда да сіңірген еңбегі – ерен. Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қайғыға ортақтасып, көліл айтқан жеделхатын оқып берді. ҚР ғылым саласына еңбек сіңірген қайраткері, академик Зейнолла Молдахметов те осы жиында лебізін білдірді. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхан Шәймерден Әбілмәжінұлының энергетика саласына сіңірген еңбегіне тоқталып, бұл жиынға еліміздің түпкір-түпкірінен аталған сала мамандарының арнайы келгенін айтты.

Жиналған қауым Шәймерден Әбілмәжінұлының ел үшін еткен орасан зор еңбегін және бір еске алып, жатқан жерінің жайлы, топырағының торқа болуын тіледі. Отбасына қабырғалары қайыса көңіл айтты.

Шәймерден Оразалинов Петропавл қаласында дүниеге келген. Ол кен байытушы мамандығын игеріп, қарапайым шеберліктен бастап, қала басшысына дейін көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші және үшінші шақырылымдарының депутаттығына сайланды. Одан кейін көз жұмғанға дейін Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы болды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА