Қарағандыда ҮЕҰ жұмысы туралы ақпараттық портал іске қосылады

Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) өткізген іс-шараларының ақпаратымен қатар, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бөлінген сомалар туралы да есеп беруі тиіс. Толық шығармашылық және қаржылық есептерді арнайы іске қосылған ақпараттық порталда жариялау қажет. Портал ашуды «Қамқор плюс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нияз СҮНДЕТӘЛИЕВ ұсынды. Осылайша, жұмсалған қаражаттың тиімділігін бағалауға және азаматтардың сенімін арттыруға болады. Осы және басқа да мәселелер облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

– Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды ала отырып, азаматтарға қол ұшын беру үшін құрылған ҮЕҰ өз қызметін бизнеске айналдырады. Өкінішке қарай, олардың мемлекеттік ақшаны ала отырып, көптеген өзекті мәселелерді ескерусіз қалдыруы – дұрыс емес. Сондықтан, жүргізіліп жатқан жұмыс пен оның тиімділігі туралы барлық ақпарат жарияланатын ақпараттық портал құру қажет деп санаймын, – деді Нияз Сүндетәлиев.

Сонымен қатар, виртуалды отырыс кезінде белсенді волонтерлерді ынталандыру ұсынылды. Өйткені, олар карантин кезеңінде қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етті. Марапаттау белсенділерді одан әрі ынталандырып, жұмысқа деген құлшынысын арттырады, – деп есептейді облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев.

– Облыста 15 наурыздан бастап еріктілер һәм кәсіпкерлердің күшімен аз қамтылған отбасылар мен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған жеті жүз іс-шара өткізілді. 13 мыңнан астам отбасы қолдаумен қамтылған. Бұл шамамен 50 мың адам. Олар үшін 42 млн теңгеден астам азық-түлік және басқа да тауарлар сатып алынды. 44 мыңнан астам бетперде тігіліп, таратылды. 7 сәуірден бастап аймақта 3 мыңнан астам отбасына көмек көрсеткен «Сарыарқа жастары» волонтерлік штабы іске қосылған еді. 7-11 мамыр аралығында кәсіпкерлердің күшімен ардагерлер мен аз қамтылған отбасыларға 3 мың азық-түлік себеті үлестірілді. Әрқайсысының салмағы 50 кг, – деп атап өтті Нұржан Арғынұлы.

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта еріктілер жұмысын жалғастыратын негізгі жеті бағытты атады. «Асыл мұра» бағытына да ерекше назар аударылатын болады. Оның аясында өңірдің тарихи және мәдени көрікті жерлері ретке келтіріледі. Сонымен қатар, алдағы уақытта өткізілуі жоспарланған волонтерлер слеті барысында тәжірибелі нұсқаушылар оларды төтенше жағдайлар кезіндегі нақты іс-қимылдарға үйретеді. Осы сияқты кеңестер, семинарлар тұрақты түрде өткізілмек. Еріктілердің қызметі барлық әлеуметтік желілер арқылы насихатталады, – деп атап өтті спикер.

Қоғам белсенділері Татьяна Савицкая мен Елена Варганова нашақорлық пен экология мәселелерін назар аударды.

 «Үкіметтік емес сектордың жұмысын есірткі таратушылар мен табиғатты ластаушыларға қарсы біріктіру қажет» – деп атап өтті белсенділер.

Кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, жазып алды. Оның айтуынша, олардың әрқайсысы бойынша салмақты және объективті шешімдер қабылданатын болады.

Жәлел ШАЛҚАР.