Қарағанды облысының бюджетіне өзгерістер енгізілді

Қарағанды облыстық мәслихатының ХХ сессиясының 2018 жылдың 12 желтоқсанындағы «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №356 шешіміне өзгерістер енгізілді. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина депутаттардың назарына облыстық бюджеттің 2019 жылға нақтыланған жобасын ұсынды.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, кіріс көздерінің ұлғаюы, қаражатты бөлу және мемлекеттік тапсырыс бойынша үнемдеу нәтижесінде облыстық бюджетте қосымша қаржы көздері пайда болған.

Нақтыланған бюджеттің 21,3%-ы, яғни 1,7 миллард теңге денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау мекемелерінің жөндеу жұмыстарына және материалдық-техникалық базасын нығайтуға, колледждердегі білім беруді қаржыландыруға, атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін қосымша қаржыландыруға, аймаққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасын енгізуге және басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға жұмсалады. Сонымен қатар, 2,2 миллиард теңге автокөлік жолдарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына, жылу және су жүйелірінің жұмысын қамтамасыз етуге және көпбалалы отбасыларға жалдамалы баспана алуға бөлінеді, – дейді Людмила Башарина.

2019 жылғы нақтыланған бюджетте Түркістан облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бөлінген қаражат та көрініс тапқан.

Қаржы басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған облыстық мәслихат депутаттары облыстық бюджетке енгізілген өзгерістерді бірауыздан мақұлдады.