Қарағанды облысында күнкөріс деңгейі қандай?

Қарағанды облысында күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2019 жылғы төртінші тоқсанда 28856 теңгені құрады. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген, халықтың орташа жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2019 жылғы төртінші тоқсанда өткен тоқсанмен салыстырғанда – 3,5%-ға төмен. Ал, 2018 жылғы үшінші тоқсанмен салыстырғанда – 11,4%-ға жоғарылады.

Құзырлы орынның түсіндіруінше, күнкөрістің ең төмен деңгейінің шамасы – ең төменгі деңгейдегі тұтыну қоржынына тең бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай табыс. Ең төменгі тұтыну қоржыны заттай және құндық тауарлар мен қызметтердің ең аз жиынтығымен байланысты. Ол азық-түлік қоржынынан және азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің шығыстарынан тұрады. Ең аз қажетті азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге шығыстар үлесі күнкөрістің ең төменгі деңгейі шамасын есептеу үшін ең төменгі тұтыну қоржыны құнының 45 пайызы мөлшерінде белгіленген.

Өз тілшімізден.