Бас тақырыпКоронавирусОблыс әкімі

Қарағанды облысында дәрігерлерге сыйақы төлене бастады

Қарағанды облысы аумағында   COVID-19 инфекциясының алдын алу шаралары жүргізілуде.  Аймақтың эпидемиологиялық ахуалы туралы селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды.  

– Бүгінгі күннен бастап Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының аумағында  тұрғындардың өмірі мен қызметі үшін ерекше жағдайлар қарастырылған карантин режимі енгізілді. Яғни аталмыш қалалар бірыңғай карантиндік аймақ болып саналады. Бұл қалалардың тұрғындары кәмелетке толмаған балалардың өз бетінше жүріп – тұруына тыйым салу сияқты шектеу шараларын сақтауы қажет. 65 жастан асқан адамдарға далаға шықпау, ал жұмыс берушілерге жұмыс күнін 2 сағатқа қысқарту ұсынылды, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Бұл шаралардың барлығы өңірде вирустың таралуына жол бермеу үшін қажет.
Бүгінгі күні облыста жеті адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалайды.
Облыста барлығы 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Тағы 514 адам өз үйлерінде оқшауланған.
Аймақта  300 мың байланыссыз термометр және «Көмек-2020» қоғамдық қорының қаражаты есебінен 20 мың респиратор алу жоспарлануда.

Жақында облыс емханаларында коронавирусты анықтау үшін экспресс-тестілеу басталады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, аймаққа 100 мың тест жеткізілген.

“Тестілеу сырқаттың клиникалық белгілері байқалған жағдайда тегін жүргізіледі”, – дейді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ, өңірде аспалы бүріккіштер сатып алынды. Қазіргі таңда 56 аспалы бүріккіш алынған. Алдағы уақытта Ресейден тағы 170 бүріккіш жеткізіледі.

Дәрігерлер үшін қорғаныш костюмдерін, маскалар мен медициналық қолғаптарды жеткізу жалғасуда. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен коронавирусқа қарсы күреске қатысқан медицина қызметкерлеріне сыйақы тағайындауға қажет қаражат бөлінді. Аймағымызда 1677 дәрігер мен медбике жалақы көлемінде сыйақы алады.

Басқа материалдар

Back to top button