Бас тақырыпРесми

Қарағанды облысында балаларға әлеуметтік көмек беріле бастады

Қарағанды облысында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік пакеттер беріле бастады. Приозерск, Балқаш қалаларында және Бұқар жырау, Ақтоғай аудандарында 308 бала  көмек алды.

Ақпан айының соңына дейін мемлекет тарапынан 1-ден 6 жасқа дейінгі 3 900 балаға әлеуметтік көмек беріледі деп жоспарлануда. Ол атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ғана беріледі.

Кепілді әлеуметтік пакет – мектеп жасына дейінгі балаларға тұрақты көмек, барлық оқушылар үшін тегін ыстық тамақ, оларды оқу құрал-жабдықтарымен және формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық қызметті төлеу, қоғамдық көлікте жол жүру шығындарын өтеу.

Азық-түлік жиынтығы балалардың жас санатына байланысты белгіленеді. Ал, әлеуметтік пакеттің құрамы әр аймақта бірдей болады.

Мектепке жасына дейінгі балалар тамақ өнімдерімен және тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз етіледі.
Азық-түлік себетінің құрамы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша әзірленген. Оны АӘК тағайындау кезеңінде айына бір рет береді. 

Жинақтар баланың күндізгі тамақтану рационын қамтамасыз етуге арналмаған. Олардың мақсаты – өсіп келе жатқан ағзадағы витаминдердің жетіспеушілігін өтеу.

Бұдан басқа, тоқсанына бір рет аз қамтылған отбасылардағы әр балаға (1 жастан 6 жасқа дейін) гигиеналық құралдар жиынтығы ұсынылады.
Егер отбасында төрт бала болса, онда оларға төрт азық-түлік жиынтығы және сонша гигиеналық жиынтық берілуі тиіс.
Әр өңір әлеуметтік пакеттер беру жұмыстарын жеткізу арқылы немесе арнайы пункттер арқылы ұйымдастырады.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілді әлеуметтік пакет төрт бөліктен тұрады: мектептерде ыстық тамақ, мектеп формасы, мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету және қоғамдық көлікте жол жүрудің 50%-ын өтеу.
Мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен балалар жылына бір рет қамтамасыз етіледі. Бұл оқу жылы басталар алдында, тамыз айында берілетін сатып алу сертификаттары болуы мүмкін.
Медициналық, оның ішінде стоматологиялық қызмет 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

Басқа материалдар

Back to top button