Жаңалықтар

Қарағанды – ипподромы жоқ жалғыз қала

Бүгінде Арқада «Ту құйрығы бір тұтам, тұлпар міндім өкінбен» деп көкпар ілген жастардың саны – 300-ге жуық. Олардың басым көпшілігі ғұмырларын ат үстінде, арғымақ жалында өткізбесе де, аламан бәйгенің алдында жүруге құштар. Бірақ, облыста оларды ұлттық спорттың қыр-сыран игеруге баулитын маман жоқ. Жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін спорт нысаны да қарастырылмаған. Жыл сайын өтетін Қазақстан чемпионаттарында облыстың намысын қорғап жүрген қарағандылықтар командалық есепте 12-ші орынды місе тұтуға мәжбүр. Материалдық база әлсіз әрі көкпарға бейімделген аттардың жоқтығы да аяқтан шалатынын айтады «Достық» командасының жігіттері.

Хаттар неге жауапсыз?..

Жалпы көкпар ойындарына қатысатын облыс құрамасын Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының президенті Шаризат Қазтаев жасақтайды. Басшы Қарағандыдағы спортқа лайықты жалғыз «Қайрат» мектебінің аумағы 0,9 гектарды құрайтынын айтады. Шағын аумақтың тарлығы өз кезегінде спортшылардың оқу-жаттығу сабақтары мен облыстық, республикалық жарыстарға сапалы дайындық жүргізулеріне кедергі.

– Облыста ат спорты 2000 жылдан бері дамуын жалғастыруда. Алайда, мектебіміздің материалдық-техникалық базасы әлсіз. Қала әкімдігіне ұлттық спортты дамытудың бірден бір жолы атшабар мен ат жайын салу қажеттілігін алға тартқан бірнеше хаттар жолданды. 2014 жылы 5 жылға берілген Қарағанды-Алматы тас жолы бойындағы МАИ қызмет бекетінің маңында орналасқан жер телімі осы уақытқа дейін пайдаланылмағандықтан, (ипподромның жобалық сметалық құжаттамасы дайын бола тұра) мемлекетке қайтарылмақ, – дейді Шаризат Қазтаев.

Ипподром салынса не өзгереді?

Мектеп басшысының сөзіне сүйенсек, егер ипподром мен 50 жылқы сиятын ат жайы салынатын болса, алдымен мектеп мемлекеттік мекеме атауынан коммуналды мемлекеттік қазыналық мекеме атауына өтеді. Сондай-ақ, қосымша табыс көздерін тартса, мекемеге 30 пайызға дейін пайда келтіретін көрінеді. Келген табыс арқылы аттар сатып алу және оларды селекциялау жүзеге асады. Жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға стипендия тағайындау, республикалық жарыстар алдында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, команда сапына легионерлерді тартуды жүзеге асыруға болады.

– Мектебімізде 22 ат бар. Оларды дайындық топтарындағы оқушылар жарыстарға, төрешілікке пайдаланып жүр. Аттардың сегізі жергілікті жылқы тұқымынан болғандықтан, мектебімізге арнайы «Көкпар» мен «Аударыспақ» ойындарына бейімделген аттардың қажеттілігі туындап отыр, – дейді Шаризат Қазтаев.

Басшының айтуынша, әзірге аймақ спортшылары топтасып өнер көрсетпей-ақ, әр ауданнан жинала салып ел чемпионаттарына қатысып жүр. Ұлттық спорт түрлеріне легионерлерді тарту, яғни, мықты спортшылармен шарт жасасып, облыс сапында ойнату жоспарда бар. Оған негіз жоқ емес. Мәселен, 2017 жылғы көкпаршылардың әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы 1 орынды жеңіп алды. Облыс атбегілері Думан Намысовтың «Намыскөк» аты жекпе-жектің үздік сәйгүлігі, Алмаз Кәрібаевтың «Маэстросы» үздік қорғаушы сәйгүлік деп танылды.

«Достық» – таңдаулы команда

Жоғарыда атап өткен «Достық» командасы 2012 жылы құрылған. Көкпарды ұнатып ойнайтын жастар өз еріктерімен құрған команда өткен жылы ҚР спорт шебері М. Мырзашевты еске алуға арналған республикалық турнирде І орынды иеленді. Жігіттер осы уақытқа дейін жарысқа киетін киім үлгісі мен ер тоқымды өз қаражаттарына сатып алып жүрген. Оған қоса, өздері үй жағдайында баптаған аттарымен көкпар шабады. Жарыстағы жүлделеріне жақында Қырғызстаннан жаңа киім үлгісін алдыртқан. Облыстың үздік ойыншысы, команда капитаны Ерғанат Молдабек Қарағандының еліміздегі өндірісі дамыған әлеуеті мол аймақтар қатарында бола тұра, ипподромы жоқ жалғыз облыс болғаны көкпаршылардың еңсесін түсіретінін айтады.

– Біздің жігіттер ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда облыс абыройын қашанда биік қояды. Көкпаршыларымызға жақсы ұсыныстар жиі түседі.

Қазіргі таңда өңірде ұлттық спортқа қарасты 40-тан астам спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі 1 спортшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері мен Азия кубогының чемпионы бар. Спортшылар арнайы спорттық ғимараттардың, алаңдардың болмауынан дала жағдайында жаттығу жүргізуге мәжбүр, – дейді «Достық» командасының капитаны Ерғанат Молдабек.

– Мектебімізде 22 ат бар. Оларды дайындық топтарындағы оқушылар жарыстарға, төрешілікке пайдаланып жүр. Аттардың сегізі жергілікті жылқы тұқымынан болғандықтан, мектебімізге арнайы «Көкпар» мен «Аударыспақ» ойындарына бейімделген аттардың қажеттілігі туындап отыр.

Бүгінгі таңда команда құрамында өнер көрсететін Ерлан Оспанов, Дастан Досжанов, Қанағат Тәуіртаев, Нариман Касенов, Алмас Кәрібаев, Нұралы Өмірзақ, Нұрлы Сайлауов, Марғұлан Исақ, Айбол, Бауыржан Жанатовтар республикалық сайыстарда облыстың намысын қорғап жүр. Шаризат Қанатұлы «Достық» жігіттерінің республикалық сайыстарда биік дәрежеден көрінуге қарқыны жететінін, алайда, бәрі материалдық базаға келіп тірелетінін айтады. Ипподромнан әлі де үмітті басшы жігіттерге Тәттімбет көшесі 19/6 мекен-жайында орналасқан жалпы аумағы 1068 шаршы метрді құрайтын спорттық-сауықтыру кешенін алып беріпті. Онда дене дайындығына қатысты жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорты түрлерінен жаттығу сабақтары өтеді.

«Қайрат» мектебіне көмек қажет

Облыста көкпар бойынша жаттықтырушы-оқытушылар жетіспейді. Десек те, «Қайрат» спорт мектебінде 2 жаттықтырушы-оқытушы Ерлан Оспанов пен Саркен Сапариянов және Қарқаралы ауданы спорт мектебінде Қанат Рахымбек жұмыс істейді. Қалған аудандарда көкпар командалары болғанымен, штатта жұмыс жасап жалақы алатын жаттықтырушылар жоқ. Спорт мектебінде қазіргі кезде ұлттық спортымыздың бүркітшілік, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ, бәйге, жамбы ату сынды 6 түрінен 400-ден аса оқушы шұғылданып жүр. Аталмыш спорт мектебі Қарағандының спорт бөліміне қарайды. Алайда, аудандарда ұлттық спорттың дамуын жандандыру үшін мектепке «облыстық спорт мектебі» мәртебесі болуы керек. Мектеп қала қарамағына берілгендіктен, аудандардағы бөлімшелер жабылып, ондағы жұмыс істейтін бүркітшілер, атбегілер, тазы-құмай жүгіртетін азаматтар қараусыз қалып, мектептің аясы қысқарып қалған. Бұл орайда Заң аясы ҚР Ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктерді, спорт клубтарын құру құқығы туралы Заңның 22-бабында «Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бастамалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктер, әуесқой және кәсіпқой спорт клубтары мен оларға теңестірілген ұйымдар құруға құқығы бар» екенін айтыпты.

Алайда, көкпаршыларымызға ұлттық спорттың жанашырларына арқа сүйеп, қолдау күтуден басқа қайыр болмай тұр.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button