Руханият

Арқаның ақтаңкер Азаматы еді-ау!..

Сурет:автордан

Ықылым дәуірлерден бері Ұлы Далада аттың дүбірі, домбыра үні мен Қазақ әні толастаған емес. Небір шайқастарда, аласапыран дүрбелеңдерде, небір зобалаң замандарда қазақпен бірге бүгінгі ұрпаққа мирас болып жеткен тағдырлы Қазақ әні – бұл. Сол әнді әуелетіп жүрген қайталанбас дара тұлға, Арқадағы ән өнерінің ақтаңкері, асылдың сынығы, Мәди, Манарбек, Жүсіпбектердің көзіндей біртуар әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков өмірден озды… Сену қиын… Өлімге қимайсың… Оның орындауындағы «Айтпайға», «Шайтанкөл», Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Естай әндері қайталанбас шеберлігінің арқасында классикалық дәрежеде ән эталоны болып тарихта қалды.

Сенің сырбаз мінезің, биік адамгершілік тұлғаң, ұстаздық үлгі-өнегең, шын мәнінде адамзатта сирек кездесетін адами қасиетің өзіңді әрдайым асқақтатып тұрушы еді. Арқаның самалындай зілсіз, майда әзілің қандай еді?! Ұрпаққа үлгі етер тамаша істерің аз емес еді-ау…

2000 жыл. «Салтанат» ән-би ансамблімен Болгарияға Халықаралық фестивальге барғанымызда Қазақ елінің көк байрағын сен ұстадың. Фестиваль жабылар күні 32 мемлекеттің ту ұстаушысы ортаға жүгіріп шығып, тұғырынан өз елінің туын жұлып алып, сахнаны айнала шауып айқайлап жүргенде кезек біздің елімізге келді. Сахнадан «Қазақстан Республикасы» деген диктордың дауысымен бірге «Сарыарқа» күйі ойнай жөнелгенде ұлттық киіммен нық басып ортаға келіп, көрерменмен төсіңе қолыңды қойып амандасып, еліміздің көк байрағының алдына бір тізерлеп отыра қалып, туды сүйіп маңдайыңа тигізген соң мақтанышпен көтеріп алғаныңда залдағы бес мыңнан астам көрермен орнынан ұшып тұрып, қол шапалақтаған болатын. Олардың овациясы, «Қазақ-стан! Қазақстан!» деп ұрандауы сенің отансүйгіштігіңе, ұлтжандылығыңа көрсеткен құрметі еді.

Сен сондай ірі едің! Өзің салатын «Сағындым ғой» әнінде: «Сонда мен өздеріңді, бауырлар, сағынамын…» деп жүректі қозғай бебеулетпеуші ме едің?! Енді біз өзіңді, әніңді сағынып, бебеу қағатын болдық… Жоқтауға ауыз бармайды… Жүрек дауаламайды… Не істейін?!

Қош, қайталанбас ән дүлділі, Арқаның ақтаңкер Азаматы!..

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

актер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button