Басты тақырып

Арқа жұртының ақжарма пейілі

Бейсенбі күні көмірлі өлке тұрғындары Рио Олимпиадасында қазақтың көк Туын желбіреткен жерлесіміз Эльмира СЫЗДЫҚОВА мен Олимпиада қатысушыларына қошемет көрсетті. Сондай-ақ, «Қарағанды – Арена» мұз сарайында өткен салтанатты шарада облыстағы қалалар мен аудандар арасындағы ХІ «Арай – 2016» және ХХХ «Сарыарқа – 2016» спартакиадаларының сайыскерлері құрмет құшағына бөленді.

Спорт күніне арналған шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылды. Зәулім сарайдағы салтанат аймақтағы спорт мектептері шәкірттерінің шеруімен басталды.

Бүгінде облыста 27 спорттық мектеп бар. Онда 28 мыңның шамасында жасөспірім жаттығады. Солардың 1 мыңнан астамы ұлттық құрамалар сапына алынған. Әртүрлі бағытта тәлім беретін осы мектептердің жас өскіндері оқу барысында меңгергендерін айдын үстінде ортаға салды.

Шәкірттер шеруінен кейін Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықоваға облыс басшылығы тарапынан тиісті марапат жасалды. Алайда, балуан қызымыздың өзі Астанадан келе алмағандықтан, рәсімге Эльмираның Солтүстік Қазақстан облысында тұратын ата-анасы арнайы келіп қатысты.

Эльмираның әкесі Әнуарбек Сыздықовқа Қарағанды қаласынан бір бөлмелі пәтер мен автокөлік кілттерін Нұрмұхамбет Қанапияұлы ерекше ілтипатпен ұстатты.

Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды облысында бір шоғыр әлем, Олимпиада, Азия чемпиондары тәрбиеленіп шықты. Облысымыздың 1168 спортшысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Олар бокс, жеңіл атлетика, таэквондо, дзюдо, ескек есу, синхронды жүзу сияқты спорт құрамаларының белді мүшелеріне айналды. Бұл – Қарағанды спортының қазіргі бәсекелестік сынына төтеп бере алатын мамандар дайындай алуының дәлелі деп білемін. Эльмира – жаһандық додада ел абыройын биік ұстап, көк Туымызды көкке көтеріп қайтты. Олимпиададағы жеңісі арқылы ол, тек, Қазақстанның ғана емес, Қарағанды облысының да мерейін асырды. Эльмира – біздің мақтанышымыз! – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Эльмираның әкесі Әнуарбек Сыздықов та жүрекжарды лебізін жеткізді.

Әнуарбек СЫЗДЫҚОВ, Эльмира Сыздықованың әкесі:

Рио Олимпиадасында Эльмираның тілеуін тілеп, бір кісідей қолдау білдірген Қарағанды аймағының барлық тұрғындарына алғысым шексіз. Құрметтеп, ортаға шығарып, сый-сияпат жасап отырған облыс басшылығына ризашылығым ерен. Сіздердің тілеуқор пейілдеріңіздің арқасында Эльмира Олимпиада медаліне қол жеткізді. Өзі келе алмағаны үшін кешірім сұрап, сіздерге жалынды сәлемін жолдады. Қарағанды облысының жеткіншектері келешекте бұдан да жоғары белестерден көріне беруіне тілектеспін. Облысымызда чемпиондар көбейе берсін!

Сонымен қатар, Рио Олимпиадасында ел намысын қорғаған қалған 10 спортшы төрт көзі түгел осы сарайдан табылды. Жансай Смағұлов, Максим Раков, Абылайхан Жүсіпов, Екатерина мен Александра Немич, Светлана Германович, Владислав Яковлев, Анастасия Кудинова, Александра Романова мен Римма Кашафутдинова мәртебелі меймандар қатарынан орын алды. Оларға аймақ басшысы Құрмет грамотасын тапсырып, отандық брендке айналған «Отан» сағаттарын табыстады.

Және сәні мен мәні келіскен салтанатты кеште «Арай – 2016» және «Сарыарқа – 2016» спартакиадаларының қатысушылары ортаға шақырылды. Қос бәсекеге облыстағы барлық қалалар мен аудандардың командалары бірі қалмай қатысқан екен. Осы жерде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге лайықты құрмет білдірілді. Облыстық мәслихат хатшысы Рысқали Әбдікеров олардың әрқайсына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы мен жеңімпаздар кубоктарын табыс етті.

Спорттағы көрсеткіштер сараланған мерекелік кеш соңы спорттық шоуға ұласты. Қилы спорт өнерлерінің құлағын ұстаған сайыпқырандар жекпе-жек ұрыстың айла-тәсілдерін таныстырып, шеберліктерімен бөлісті. Сахнаға көтерілген қарағандылық өнерпаздар әннен шашу шашып, патриоттық әндерге кезек берілді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button