Руханият

Қандай құрмет көрсетсек те жарасады

Жасыратын түгі жоқ, кейінгі кезге дейін Кеңес Одағының Батыры Қазыбек НҰРЖАНОВҚА деген құрметіміз төменшік жағдайда келді. Іздеушісі жоқ дей алмайсың. Туған жері Ақтоғайда белден жоғары болса да, мүсіні бар. Бір кездері өзі сабақ берген мектебі бүгінде батыр атымен аталады. Аудандық деңгейде болса да, спорттың күрес түрінен жарыс өтіп тұрады.

Күні кешеге дейін осы тірлігімізге шүкіршілік етіп келдік. Оның түрлі себебі болса керек. Соның бастысы – баба сүйегінің беларусь топырағында қалуы деп білеміз. Кейінге дейін қайда жатқаны анық болмай келді. Батыр бабамызға қатысты ақтаңдақтарға сәуле түскенімен, баяғы тірлігімізден жаңыла қоймадық.

Беларусь Республикасының Волковыск қаласында жеңіл атлетикадан батыр атындағы жарыс өтіп келе жатқанынан да хабардар едік. Кезінде Ақтоғай ауданын басқару тізгінін ұстаған азаматтарымыз сол жарысқа қазақ спортшыларын қатыстыруға талпыныс жасады.

Соның сәті былтыр ғана түскен еді.

Қырқыншы мәрте өткен сол жарысқа жас өскіндеріміз бірінші рет қатысып, үлкен абыроймен оралды. Бір қуанарлығы, сол спортшылар арасында өзіміздің қаракөздеріміз де аз емес еді.

Сол жарыстың ашылу салтанатына кімдер қатыспады дейсіз?! Гродно облысы басшылығы, Волковыск қаласының мэрі, екі ауданның әкімшілік басшылары, Брест қаласының өкілі, Қазақстан Республикасының Беларусь еліндегі елшілігінің жауапты қызметкерлері және басқалары. Ал, бізден барғандарды облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервтегі жеңіл атлетикалық спорт мектебінің директоры Есен Төлтаев бастап барды. Бұл жерде Есен Біләлұлының басын, болмаса қызметін кемсітейік деп тұрғанымыз жоқ, әрине. Дегенмен, тең-теңімен болу керек қой.

Біздің баруымыз аталмыш жарысқа жаңа серпін берді. Жарыстың мәртебесі өзгерді. Халықаралық болып.

Бұл жарыс қырық жылдан бері 21 ақпан күні өтіп келеді екен. Қар жауса да, боран соқса да, бірде-бір рет өзгермепті. Ал, 23 ақпан мұнда баяғысынша тойланады екен. Совет Армиясы күні болып. Жарыс сол күнге қарай өткізіледі екен.

Біздің ойымызға да өз мерекелеріміз оралған. Отан қорғаушы күні… Жеңіс күні… Сол күндердің бірінің қарсаңында біздер де алқалы жарыс өткізсек деген бір арман бүрленген.

Биыл беларусьтік жолдастар дәстүрлі жарыстарын жалғастырған. Қырық бірінші рет. Сол жарысқа қарағандылық жас спортшылар қатысады дегенді естіп, қуанған едік. Кейін білсек, семіз сөйлеген екенбіз. Төртбес спортшымыз ғана барыпты…

Өзімізде көреміз деп қолымызды ысқылағанымызды несіне жасырайық. Қалай дегенде қырық жылдан кейін батыр атындағы жарысты өзінің туған топырағынына әкелеміз дедік ғой.

Қош, сонымен жарыс өтетін болды. Тек, жарыстың мәртебесі баршамызды ойландырып тастаған. Жарысқа «Жеңіл атлетикадан ОМБЖОРМ» КМҚК І ашық біріншілігі» мәртебесі беріліпті.

Бәрі түсінікті болды. Аталмыш мектептің директоры Есен Төлтаев болатын. Тағы да сол ақ тер, көк тер болып жүгірген Есен бауырымызды көрейік.

Сонымен мамырдың 11-і де келген.

Жарыс өткен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде екі елдің мемлекеттік тулары көтерілді. Әнұрандары ойналды.

Жарыс салтанаты қапысыз өтті десек те болады. Алайда, жарыстың құрметті қонақтары қатарынан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілдерін көре алмадық. Ол аз десеңіз, облыстық жеңіл атлетика федерациясынан да ешкім болмады. Даңқты батыр атындағы бәсеке тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқанда жоғарыда аталған құрылымдардан бірде-бір жауапты қызметкердің бой көрсетпеуі көңілге кірбің ұялатты… Келешекте осынау кемістіктің орны толығып жатса, қане!

Есесіне Елордадан республикалық жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Асхат Сейсембеков келді. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов қатысты. Халық қалаулысы Бейбіт Досжанов бауырымыз да осы жерден табылды. Қашандағыдай қайраткер бауырымыз Нұрғазы Жарылғапов жүрді.

Есесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы сыртқары қала алмаған екен. Қашандағыдай ел азаматы Мұрат Жадаев жомарттық танытыпты. Біздер де бұғып қала алмадық. Біздер деп отырғанымыз – «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры.

Қош, сонымен жарысымызға қайтып оралайық.

Нақты айтсақ, жарысқа 323 жас спортшы қатысты. Беларусь спортшыларынан басқа Теміртау, Балқаш, Шахтинск қалаларының, Абай, Қарқаралы, Ақтоғай аудандырының жас қырандары қатысты.

Жарыс қорытындысында беларусьтік жас атлеттер үш алтын, бір қоланы қағып түсті. Резерв мектебінің атлеттері сегіз алтын, он үш күміс, сонша қола медальды қанжығалады.

Жарыстың басты жүлдесі – «Жеңіске деген жігері үшін» медалі Беларусь атлеті Валерия Гуляйға тапсырылды.

Соңғы айтарымыз, батыр бабамызды құрметтеуге ниеттендік пе, аяғына дейін құрметімізден жаңылмайық. Батыр бабамызға қандай құрмет көрсетсек те, жарасады…

Төрехан МАЙБАС,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Back to top button