Қанат жайған Қарағанды спорты

Бүгінгі Қарағанды спортының дамуына халқымыздың асыл мұрасына айналған көкпар, қыз қуу, белбеу тартыс, арқан тартыс, күрес сынды ұлттық ойындар ықпал етті деп толықтай айта аламыз. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды өзге ұлтқа тыңдатқан спортшыларымыздың есімдерін біліп, олардың аттарын келер ұрпаққа жеткізу әр азаматтың борышы деп санаймыз. Сонымен, спортшылардың төл мерекесі қарсаңында қарағандылықтардың елеулі спорттық жетістіктерінің шежіресін есімізге түсіріп көрейік.

Спорттың қандай түрі болмасын, жерлестеріміз қайсарлық пен жігерімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көріне білді. Спорттың инфрақұрылымы облыста табысты дамып келеді. Қазіргі күнге дейін 2896 спорт нысаны жұмыс істеп тұрған болса, оның ішінде 1111-і ауылдық жерде. Бұл – бұрнағы жылғыдан 55 нысанға артық. 2017 жылы жүзу бассейні (25 м) бар дене шынықтырусауықтыру кешені (ДШСК) Қарағанды қаласында, Нұра ауданының Шахтер ауылында пайдалануға берілді. Абай қаласында жабық жүзу бассейнінің құрылысы салынып жатыр. «ҚарағандыАрена» мұз сарайының жанында мұз айдыны мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік бағдарламасы бойынша салынатын болады. Шет ауданындағы С.Сейфуллин атындағы ауылда да ДШСК құрылысы жүргізіліп жатыр. Қарағандыда каратэ спорттық аула клубы салынды, тағы да осындай 15 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Былтырғы жыл Қарағанды спорты үшін аса сәтті болды деуге толық негіз бар. Өйткені, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, өткен жылы қарағандылық 27719 спортшы 7989 медаль жеңіп алған болса, мұның ішінде 2 мыңнан астамы – алтын медаль. Облыста спорттың 96 түрімен, олимпиадалық спорттың 41 түрімен айналысады. Қазақстанның Ұлттық құрамасында 1216 спортшымыз бар. Қарағанды облысының өкілдері 2017 жылы әртүрлі дәрежедегі 903 жарысқа қатысқан болса, оның ішінде 112 облыстық, 521 республикалық, 277 халықаралық жарыс. Спорттық атақты, дәреже мен санатты 1349 спортшы, 71 жаттықтырушы, бес әдіскер және 41 төреші орындап шықты. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағын төрт спортшы алған.

Қарағандылықтар спорттың қай түрі болсын олжа салып жүр. Атап айтқанда, бокстан әуел бастан бәсіміз жоғары. Өңіріміздің былғары қолғап шеберлері жеңіс шыңдарынан талай рет көрінген, әлі де көрінетініне сенеміз. Орта салмақтағы «WBA» (Super), «IBO», «WBC» және «IBF» тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий Головкин «Жыл боксшысы» номинациясында «Бокс аңызы» атағын иеленді. Сонымен қатар, Генаға Қарағанды облысының Құрметті азаматы куәлігін облыс әкімі Ерлан Қошановтың өзі тапсырды. Хельсинкиде бокстан 37-ші халықаралық «GeeBee» турнирінде Азия және әлем чемпионатының жүлдегері, жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов 69 келіге дейінгі салмақта алтыннан алқа тағып, «Үздік боксшы» атанды. Бұдан кейін әлемнің мықтылары бақ сынаған Германиядан қола медальмен оралды. Сонымен қоса, басқа салмақта топ жарып жүрген спортшыларымыз қаншама. Айтпақшы, жуырда облыс кө лемінде Серік Нұрқазовтың әмбебап аймақтық бокс мектептері ашылатын болады.

Қазақта бокс пен күрес қатар жүреді ғой. Тәуелсіз еліміздің күресте де бірталай жетістіктері бар.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VIII республикалық турнирінде балуанымыз Ержан Шынкеев жеңімпаз атанды. Тунисте өткен дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңінде Жансай Смағұлов 73 келіде алтыннан алқа тақты.

 Сондай-ақ, Бейімбет Қанжанов Францияда самбодан XVIII мәрте ұйымдастырылған әлемдік турнирде топ жарып, алтыннан алқа тағынды.

Қарағандылық полицей Михаил Татьков Италияның Римини қаласында кикбоксингтен өткен әлем чемпионатында 81 салмақ дәрежесінде алтын медальді жеңіп алды.

 Қысқы спорт түрінен де спортшыларымыз бірқатар додаларада бәйге алды. Оның ішінде конькимен жүгіруші – Екатерина Айдова Оңтүстік Корея Республикасының Пхёнчхан қаласында 2018 жылдың 9-25 қаңтар аралығында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиадаға қатысып, 500, 1000 және 1500 метрлік қашықтыққа өнер көрсетті. Бұл да аймағымыз үшін мақтаныш.

Қарағандыда үшінші рет облыс әкімі сыйлығына мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы облыстық спартакиада жалауы желбіреді. Және Қарағандыда Астананың 20 жылдығына орай және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстық, қала мен аудандық мәслихаттардың депутаттары және аппарат қызметшілері арасында волейбол, үстел теннисі, кір тасын көтеру, кермеге тартылу, шахмат пен дойбыдан тұңғыш рет облыстық спартакиада өтті. Бұдан бөлек, Қарағандыда мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада ұйымдастырылды.

Спорттың басқа түрлерінде де саңлақтарымыздың жеткен жетістіктері аз емес. Қазіргі кезде қарағандылықтар салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу жұмыстарымен айналысып, қазақ спортының дамуына зор үлесін қосып жатыр. Талай додаларда бақ сынасып, маңдайлары жарқырап, алға шығатындықтарына сенім зор.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.