Тұлға

Анамның Түсі

Эссе

Қой жылы. Тамыздың тоғызы. Ұлы бесін ауа анамның соңғы демі үзілді. Көз алдымда, өмірдегі ең қымбат, ардақты, аяулы Анам фәни дүниеден бақилыққа аттанып кете барды. Дүние төңкеріліп түскендей. Аспан асты, жер үстінде Анасыз аңырап қалдым. Адыра қалған дүние-ай…

Анамды ойласам, көкірегім қарс айрылып, жанарыма жас үйіріледі. Анамды Тәте деуші едік. Есіме бұлдыр-бұлдыр бозымық күндер оралады. Нарқамыс жайлауы. Қойшының қараша үйі. Таң бозынан әкеміз қойды өріске шығаратын. Тәтем сиыр сауып, самаурынға шай қойып, бізді аялап оятатын. Боз даланың керімсал жұпары киіз үйдің іргесінен баяу есіп, таңғы ұйқының тәттілігін қимайтынбыз. Әлі есімде сүт тартып отырған Тәтем ыңылдап ұзақ бір әуенге салатын. Қолмен айналдыратын сүт мәшинесінің дамылсыз дыбысы мен анамның үні үйлесім тауып, ұзақ сонар таусылмайтын мұңлы әуенге ұласатын. Мен бес-алты жасар бала едім. Тәтемнің ыңылдап айтқан сағынышқа толы әуені мен жанарынан тарам-тарам болып аққан жасынан ана жүрегінің тереңінде бір мұң барын аңғаратынмын. Бәрін кейін түсіндім. Анам, бәлкім, сол кезде тағдыр-талайы қиыншылықпен өткен балалық шағын есіне алған болар… Анасынан бес жасында айрылып, жетімдіктің кермек дәмін татқан қаршадай қызға тағдыр не көрсетпеді?! Өле-өлгенше туған әкесі Мұқашты аға деп, Омарды әкем деп кеткен анамның балалық шағы тауқыметке толы болды. «Әкем Омардың жиырма бес баласы болған», – деп отырушы еді жарықтық. Бәрі отыз екінің ашаршылығында, аштықтан, сүзектен қайтыс бола берген. Омардан қалған жалғыз тұяқ Ескендір соғыстан оралмады. Өгей шешенің (татар) қаһарына, таяғына талай ұшырады. Бір жолы күзектен қыстауға көшкенде (ол кезде қайбір дүние бар) ат шананың үстінен ұн елейтін елеуіш түсіп қалыпты. Елеуіштің түсіп қалғанын көрген татар шеше бес жасар қаршадай қызды аяусыз шыбықтың астына алып, тауып кел деп ат шананың ізімен жаяу қуады. Ол кезде жоқшылық заман ғой, жетім қыз жалаң аяқ қардың үстімен елеуіш іздеуге кетеді. Қозы көш жер жалаң аяқ қар кешкен бес жасар жетім қызды аталас әкесі жолай атына мінгізіп ауылға алып келеді. Бұл – анамның бала кезінде көрген көп қиыншылықтарының бірі ғана.

Сөйтіп жүріп сауат ашып, жеті кластық білім алады. Мектепте оқып жүрген кезінде атақты жазушы Сәбит Мұқановпен кездесу болғанын айтып отырушы еді. Әкеммен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтереді. Кейін ойлаймын, анамның ең бақытты, алаңсыз шақтары әкем Дәулеткелдімен кешкен отбасылық ғұмыры шығар. Дүниеге он бір перезент әкелді. Үшеуі жастай шетінеп, төрт ұл, төрт қыз азамат болып ер жетті.

1964 жылы Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау совхозы құрылды. Мұқаш нағашым әке-шешемді қасына көшіріп алады. Ақтауға барып қой бағамыз деп жүргенде дүниеге келген менің атымды Қойлыбай қойыпты.

«Мен туғанда жапан дала, жалғыз үй,

Қоңыр белден естіліпті зарлы күй…

Бұл мекенде ғұмыр кешкен деседі,

Небір батыр, сөзге шешен арлы би.

Шаңырақтан шықпаса да шалқып ән,

Қайран әкем ат үстінде толқыған.

Ана әлдиі қуат беріп жаныма,

Жөргегімде жусан исі аңқыған», – деп жырға қосуымның да осындай сыры бар.

Біздің балалық дәуреніміздің дені сайын далада өтті. Көшпелі елдің үзік-үзік дәстүрін Совет заманындағы қойшылар аз-кем болса да сезінді-ау деп ойлаймын. Жаз жайлауда жайдары ғұмыр басталса, күздің күрең күндері қыстың қамын еске салатын. Сөйтіп қамсыз тіршіліктің қоңырқай күндері сырғып өте беретін. Аналарымыз шын мәнінде қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың табиғи төл болмысын сезініп, соны ұстанған жандар еді. Біздер шешелеріміздің ши жұлып, оны өргенін, жүн сабап, киіз басқанын көзімізбен көріп өстік. Тулақтың үстінде жүн сабап, киізге ою-өрнек жабыстырып дуылдаса күліп отырған қайран Аналардың асыл бейнесі әлі көз алдымда. Балалар қызыл-жасыл шымқай бояуларға асығымызды салып мәз болатынбыз. Зекім тәте, Сара апа, Сәкім шешелеріміз мәңгіліктің сары белін сапарлап кеткеніне де біршама жылдардың жүзі болды. Шешелеріміздің қалжыңы қандай жарасымды еді?! Неге екенін білмеймін сол кісілер қалжыңдаса қалса, Сәкім тәтені қолға алып жататын. Ол кісі де ешкімге дес бере қоймайтын.

Қойшылар көбіне «қазынаның қараша» киіз үйінде отыратын. Бір жылы әкеміз ту биеге алты қанат қазақы ақ боз үй сатып алды. Сән салтанаты жарасқан ақ боз үй өзіміз кітаптан оқитын кәдімгі ертедегі байлардың үйіндей еді. Керегені бойлай түскигіздер құрып тастайтын. Қызылды-жасылды қошқар мүйіз оюлар көздің жауын алатын. Пітпес, сырмақ, алаша кілем төселген ақ боз үйдің ішінде асыр салып, ханталапай ойнайтынбыз. Шопандардың қыстақтан жайлауға, одан күзеуге көшуінің өзі біздер, балалар үшін ұлы мереке еді. Кейде алпыс, жетпіс шақырымдық жерлерге мал айдаймыз. Күні бойы аттан түспеген кездеріміз де болып еді-ау. Мұның бәрін бекер еске алып отырғаным жоқ. Өйткені, бұл кезеңдер менің Ана мейріміне бөленген ең ғажап дәуренім еді…

Шешем ғұмыр бойы нанды қатты қадірлеп өтті. Кешегі бала кезіндегі жоқшылықтың, ашаршылықтың қасіреті жүрегіне жазылмастай жара салғандықтан шығар деп ойлаймын. Белі бүкірейіп, қартайған шағының өзінде жердегі нанның қиқымын теріп, адам аяғы баспайтын, жерге көтеріп жүретін. Анамның сол әдеті маған да жұқты. Әлі күнге жерде жатқан нан көрсем жоғары көтеріп қоямын.

Тәтем керемет әнші еді. Ол кезде ауылдың тойлары кеш басталатын. Айлы түнде асқақтатып салған әні Ақтаудың кербез сұлуы – Сұлушоқының ұшар басына қонақтап жатқандай әсер ететін маған. Анамның әншілік өнеріне тәнті болған ауылдас қайнысы Еламан: «Ее, бұл Манаш қидың ішінде қалған алтын ғой», – деп отыратын. «Әттең, оқи алмай қалды. Оқыса, бәлкім, Жамал Омаровадай әнші болар ма еді?!», – деген ауылдастар әңгімесін сан рет естіп өстік. Анамның нағашысы – қырғыз. Есімін Манасқа ұқсатып Манаш деп қойған. Бәлкім, әуел бастан Манас болуы мүмкін.

1981 жылы Ақтау орта мектебін бітірдім. Мектеп қабырғасында жүріп, өлең-әңгімелер жаза бастадым. Жазғандарым аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұрды. Жетінші сыныптан бастап ауылда «тілші» бала атандым. Журналист болуды армандадым. Анам оқығанымды қалады. Сол жылы Алматыға аттандым. ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсыруға үлгермей қалдым. Ауылға келіп, әкеме көмекші шопан болып орналастым. 1981-ден 82-ге қараған жылғы қыс өте қатты болды. Он алтыдан енді асқан бозбала едім. Қаражал қыстағында жалғыз үй отырамыз. Қыстың күні қысқа болғанымен, түні тым ұзақ. Анам оқуға түсе алмай қалғанымды уайымдайды. Бір жағынан, қара жұмысқа жегілген мені аяйды. Күндер осылай өтіп жатты. Бірде таңертеңгі шай үстінде анамның жүзі нұрланып: «Қойлытай, бүгін бір жақсы түс көрдім. Түсімде көктем шыққан екен деймін. Дала жап-жасыл. Көк орай шалғынның үстінде етпетіңнен жатып, кітап оқып жатыр екенсің, кітабың өте үлкен, бір қолыңда тұтас таба нан». Көрген түсін Анам жақсылыққа жорыды. «Алла қаласа оқуға түсесің, білім жолында бағың жанады», – деді.

Арада отыз бес жылдай уақыт өтті. Жылқы жылының қарашасында Қарағандының қара шаңырағы Сәкен театрында мерейлі жасқа келуіме орай, шығармашылық кешімді өткіздім. Ауылдан арнайы анамды алдырдым. Бар ғұмыры Ақтаудың ұлы байтағында өткен, санасына қоңыр қаздың қаңқылы мен сары белдің самалын сіңіріп өскен Анам Сәкен театрының төрінде отырды. Жай отырған жоқ, перезентінің азамат болғанын, абыройлы болғанын көріп, марқайып отырды. Астанадан, Алматыдан, республиканың әр шалғайынан келген қадірлі қонақтар, менің ғылым, өнер жолындағы азды-көпті жетістігімді асыра мадақтап жатты. Мен Анама көз салдым. Мерейленіп, өзі айтқандай – төбесі көкке екі-ақ елі жетпей отырды. Бәлкім, сол сәтте баяғыда… қияндағы Қаражал қыстағындағы көрген түсін есіне алған болар…

Тәтем Совет заманында-ақ Аллаға сенген, өте діндар адам еді. Көрген түсі дәл келетін, әрі жас сәбилерді тіл-көзден аластайтын емсектігі де бар. Сол қыста ғой, көрші қыстақтағы Жүніс ақсақалдан құран аяттары жазылған қағаздарды Тәтеме әкеп беремін. Жасы сексеннен асқан Жүніс ақсақал Тәтеме біраз аяттар жазып берді. Әр қатынаған сайын беріп жібереді. Анам оны жаттап алатын. Жетпіс сегіз жыл ғұмырының отыз жылында намаз оқып, ораза ұстап өтті. Жалпы, анам туа бітті имандылыққа ден қойған адам еді. Бәлкім үш немесе төртке келіп ес біле бастаған шағымнан үйреткен сөздері санамда әлі жаңғырып тұр. «Құдайдың құлымын, Мұхамедтің үмбетімін, Жауап әлімсақтан бері мұсылманмын. Е, Алла кең дәулет бейбіт өміріңді бере гөр, досымызды аманда, дұшпанымызды табанда қыла гөр», – деген сөздерді ұйқыға жатар алдында үнемі қайталатып, айтқызатын. Айтқан сөздерін шамалап бағамдаймын. Бірақ, дұшпанның кім екенін түсінбеймін. Тіпті, мектеп бітіріп, есейген шағымның өзінде Совет заманында дұшпан болушы ма еді деп ойлайтынмын…

Шіркін, өмір-ай, десеңізші… Еліміз Тәуелсіздік алған тұста дін мұсылман баласына Мекеге баруға кең жол ашылды. Мекеге барып, қажылық парызын өтеу – Анамның ұлы арманы еді…

Шабыттанып жүрсем де самғап ерен,

Анам жайлы жазбаппын арнап өлең.

Құрбан айтта ауылға бара алмадым,

Жоқ-жітігін отырған жалғап әрең.

Болмасамда жасымнан қари бала,

Келтірейін тілімді калимаға.

Жалғыз арман – анамды тірлігінде,

Меке менен апарсам Мәдинаға.

Домбырамды шертіп ем баяулатып,

Көңіліме қалғандай қаяу қатып.

Парызымның парасын өтер ме екем,

Арқаласам анамды жаяулатып?!

Өмір бойы қу бейнет сезінгені,

Жүдеп кетті-ау қосағы көз ілгелі…

Тіршіліктің сан тарау тауқыметін,

Сыр ғып айтып тұрғандай әжімдері.

Бақты шапқан Батыраш балтасындай,

Ғұмыр өтер…

жалғанның салты осындай.

Әжімдері анамның шерге толы,

Жер бетінің жаралы картасындай.

Анамды Мекеге де апара алмадым…

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері,

Жаңаарқа ауданының

Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button