Тұлға

Қамқоршымыз болатын

00
Жетпісінші жылдардың басында Қарағандыға келіп студент атандық. Кеудемізде жел бар. Шетімізден шәйірміз. Сол тұстағы Одақта мінбер ақындар дегендер шықты. Солардың айдарынан жел есіп тұрды. Біздер де соларға еліктейміз. Биіктік көрсек соған шығып өлең оқығымыз келеді. Екіленіп. Қолымызды сермеп…

Сондай бір биіктік табыла кеткен. Кеншілер мәдениет үйінің кіреберісі баспалдақпен өрілген. Сол баспалдақ бізге жетіп жатыр еді. Серік Жүсіповтің аты шығып тұрған. Базар Мамыр да белгілі ақын. Араларындағы шикісі менмін…

Серік орыстілді ақын болатын. Оның өзіміз жасаған аудармасын Базар екеуіміз кезектесіп оқимыз. Біраздан кейін елдің қарасы көбейсін. Мұндайда ақындар арқаланып кетеді ғой. Уақыт өткен сайын тамашалаушылардың қарасы қоюлана түскен. Келер сәт милиция ағайындар келіп киліккен.

Енді басымызды арашалап әлек болайық. Олар массыңдар дейді. Ал біз болсақ сап-саумыз. Жұртшылық бізді жақтап шәт-шәлекей. Ақыры олар машиналарын шақырып, бізді еңсеруге айналды. Үшеуімізді қойша тоғытып тиеп алды. Бізбен бірге бір апай да қалыспай қыстырылыссын. Кептеліп ол кісі де мініп алды.

– Поэтов не судят!

Машинамыз қалт тоқтады.

Біз де өз құлағымызға өзіміз сенбейік. Мынау бір керемет сөз екен деп қоямын іштей.

Қызыл жағалылар бізді түсіріп кетті. Аң-таңбыз.

Сөйтсек апайымыз жай кісі емес екен. «Орталықтың» білдей бір қызметкері болып шықты. Жерге кіріп кете жаздадық. Кейін білсем сол кісіміз – Күләш Байбурина апайымыз екен.

Содан жалтарып жүремін. Төбесін көрсем болды бұрылып кетемін.

Қандай ақын екен деп қоямын іштей. Газет тігінділерінен, журналдардан өлеңдерін іздестірем.

Бір өлеңінде былай депті:

Сіңірсем Отан үшін құнды еңбек,

Деген ой шықты менен,

тербеп жүрек.

Ақтасам адам атын өмірімде,

Оңайлықпен түспес деп түрдім

білек…

Бетімнің оты шығады. Өйткені, бұл өлеңін менің жасымда жазыпты. Ал біз болсақ кеуде қағып жүрміз. Болмасақ та болдым деп. Толмасақ та толдым деп…

Жастық шақ жырларын оқығым келеді. Оларын да таптым. Біздікі махаббат-сахаббат баяғы. Ал ол кісі былайша жырлапты:

Жастықтың жалынды оты

бойды алып,

Жарқылдап тұра бермес,

қояр қалып.

Кімдерден өтпеген еді осы

алтын шақ,

Кейбіреу қалған еді,

қимай налып…

Апай айтса, жастық шақ ойнап-күлуден ғана тұрмайды, білем. Өкінішке ұрындыратын кезең екен. Соны қашанда еске ұстауға тырыстым. Ұстағаным сол – есті өлең жазуға ұмтылдық.

Кейін білсем Өспен ауылының тумасы көрінеді. Жерлес екенбіз.

Қашанғы қаша бересің?! Бір күні Рымқұл ағам Сүлейменов ұстап берді.

– Біздің де бауырымыз, сіздің де бауырыңыз, – деп.

Содан былай араластық.

Заманында Өспен айтулы кеніш болатын. Әкімшілік жағынан Ақшатау комбинатына қарап тұрды. Содан да екі кеніштің арасында барыс-келіс үзілмейтін.

Бір күні апайым сұрасын:

– «Акчатауский рабочий» әлі шығып тұра ма? – деп.

Бұрын ондай газеттің шығып тұрғанын анық білем. Өйткені, әкем – кенші. Ал апай сұраған уақытта ол шықпайтын. Шықпау себебін айта алмадым.

– Өкінішті, әрине. Менің тырнақ алды мақалаларым сол газетте басылған. Сонысымен де маған қымбат басылым еді…

Енді мен қиналайын. Өзім жауып тастағандай.

Апайдан қашпайтын жағдайға да келгенбіз. Алайда, мен оқудан шығып қалайын. Сөйтіп арамызға үзіліс түсіп кетті. Бірді-екілі өлеңімді жонып, жарыққа шығарып та берді. Қайтып оқуға келгеніммен көп ұзамай ол кісі бақилыққа ұзады.

Мақаламды осы жерден тәмамдасам да болар еді. Бірақ, ойламаған жерден жалғасын тапсын.

Сол Өспен кенішінде күтпеген жерден Күләш апаймен қайта жолығысайын…

…Екінтіге бет алған кез. Жұмысбасты болып отырғам. Бөлмеме қабырғалы азаматтарымыздың бірі – Бақыт Торғаев ағамыздың кіріп келгені. Бұл кісімен негізінен сырт жерлерде жиі кездесіп жүретінбіз. Жұмыс бабымен.

Мен сол тұста Арқаға белгілі тұлға Сембай Өтегенов жөнінде материал жинақтап жүргем.

Бақыт та Сембай ағамыздың жоқшысы екен. Олай болатын жөні бар. Өйткені, Сембай Бақыт ағама кіші әкесі болып келеді. Торғай бабаларынан Аманжол, Аманбай, Шабанбай, Сембай, Шәбденбай, Дүйсенбай есімді алты ұл, Алтын, Күміс есімді екі қыз қалыпты. Бақыт ағам Шабанбай әкемізден тарайды. Ал Алтын апай әңгімемізге өзек болып отырған Күләштің туған анасы екен.

Қалған әңгімені Бақыт ағамыздың аузынан естігем.

Ағамыз бос келмей Алтын апайдың бауыры Сембайға арнаған өлеңін ала келіпті. Бұл үлкен олжа еді.

Келер сәт тағы бір өлең ұсынған. Қызы Күләшқа арнапты:

Жатырмын Күләш үйінде,

Болмады көңілім күйінде.

Шемен боп қатқан шерімен,

Айналып қалды түйінге.

Өзіңсіз көріп үйіңді,

Көкірегім менің күйінді.

Айрылып сенен қалған соң,

Болмайды-ау өмір тиімді.

Әуреленген бұл өмір,

Жоқ нәрсеге сүйінді.

Арманым едің аяулы,

Білмеді тағдыр аяуды.

Жарқын өмір, жайсаң ой,

Тозығы жетіп таяулы.

Сен есіме түскенде,

Жүйрік көңіл баяулы.

Надан менен адамды,

Айырмаған адалды.

Ажал шіркін келді де,

Жүрекке қайғы қадалды…

Пәлі деймін іштей сүйсініп. Күләштің анасы айтулы ақын екен. Алма ағашынан алыс түспейді деген осы екен ғой деп қоям.

Апайдың өмірден озғанына да қырық жыл болыпты. Бірақ, ол кісінің есімі ұмытылмай келеді.

Иректеген шимайлары ұмыттырмай келеді.

Суреттерде: Күләш Байбурина; ақын сіңілісі Фариза Оңғарсыновамен демалыс сәтінде.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button