Сәтбаев

Қам-қарекет қарқынды

Індеттің ылаңы басталмас бұрын оның алдын-алу және таралуына жол бермеу үшін өкпе ауруымен күрес диспансерінде — 80, қалалық орталық аурухананың жұқпалы ауру бөлімшесінде 30 уақытша төсек дайындалған еді. Тәуба, «тәжтажалдан» кеншілер қаласы дін аман. Төтенше жағдай жарияланып, басы артық қозғалысқа шектеу қойылғанымен, карантин талабына сәйкес қам-қаракет қарастырылды.

Барлық мекеме, кәсіпорында санитарлық-дезинфекциялық тәртіп күшейтілді. Сауда және қоғамдық тамақтандыру орнында тазалық пен жұмыс уақытының сақталуы күнделікті қадағаланады. Көшедегі автобус аялдамасына күніне үш мәрте дезинфекция жасалады. Мұндай іс-шара саябақтағы орындық пен қасындағы қоқыс жәшігіне, балалар ойын алаңына, көп қабатты тұрғын үйдің сенегіне әлсін-әлсін атқарылып тұрады.

Бастапқыда бетперде тапшылығы тығырыққа тіреді. Мәселені шешуге бірінші болып «Триксат» тігін цехы бет бұрды. Еріктілер Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешітте, Кеншілер сарайы мен Достық үйінде бірнеше мәрте пайдалануға жарамды бетперде тігуді қолға алды. Алдымен көпбалалы отбасын, мүгедек пен қарттарды қамту көзделді. Оларға тегін таратылып, артылып жатқаны қолжетімді бағамен әлеуметтік дәріханаға шығарылды. Бүгінде қалада күніне 5 мыңға жуық бетперде тігіледі.

Қалада азық-түлік қоры жеткілікті. Оның әлеуметтік маңызы бар 9 түрінің бағасы тұрақты. Сауда-саттықта іркіліс жоқ. Тұрғындарға қолайлы болу үшін онлайн-сауда да ұйымдастырылған. 10 әлеуметтік дүкеннің онлайн-картасы жасалып, 19 түрлі азық-түліктің және әлеуметтік маңызы бар заттың бағасы көрсетілген. Таяуда облыстық тұрақтандыру қорына тағы да тапсырыс берілді.

Карантин кезінде тұрғындардың әлеуметтік осал тобына қамқорлық бұрынғыдан да күшейтілді. Тегін тамақ пен тұрмыстық зат алуға айтулы әлеуметтік көмек көрсетілетін үш жүзден астам бала, төрт мыңдай әртүрлі топтағы мүгедек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 279 адам мен жұмыспен қамту орталығына тіркелген 400 адам, ұзын-ырғасы 5,5 мыңға жуық тұрғын тіркеліп, қаражат жағынан қарастырылды. Еріктілер 111 отбасына азық-түлікпен және қаржылай көмек көрсетті.

…Қазір қаланың батысы мен шығысына блок-бекет қойылған. Кірген-шыққан жолаушының қызуы тәулік бойы тексеріледі. Көшеде бейсауыт жүрген адам байқалмайды. Баланың даусынан қас қарайғанша азан-қазан болып жататын аула біткен тып-тыныш. Карантиннің қатаң тәртібіне үлкен-кіші бірдей бой ұсынған…

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button