Алыбын ардақтаған ел

Ақтоғай жұрты арысын ардақтады. Жұма күні Шабанбай би ауылындағы орта мектептің алдында Алаш алыптарының бірі – Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ бюсті ашылды.

Ермеков26072

Аталған мектеп Әлекең есімін иеленген. Сондықтан, баба бюстінің ғимарат алдынан орын алуы – заңды. Мектеп директоры Теңдік Қарашолақов бастаған білім ордасының ұжымы ұлағатты іске ұйытқы бола білді.

Салтанатты рәсімге аудан әкімі С.Әбеуова, баба ұрпақтары – Ф.Ысқақова, О.Ермеков, мектеп түлектері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанат Мірәсілқызы қатысушыларды қайраткер бюстінің ашылуымен құттықтап, бұл шараның жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталды. Профессор, осы ауылдың тумасы Жандос Смағұлов Ермеков еңбегін, тағылымды өмір жолын жан-жақты қамтыған баяндама жасады.

Биыл Алаш қайраткерінің туғанына 126 жыл толып отыр. Алаш қозғалысының жетекшілері сапында қазағына қызмет еткен тұлғаға халқы мәңгі қарыздар. Қазақ мемлекетінің шекарасын белгілеуде өлшеусіз тер төккен Әлекең есімі ұмытылмасы анық. Бюст орнатудағы негізгі мақсат – бабаға деген сол биік құрметті таныту болды.

Бабаның ұрпақтары белсенділік танытып, барлық шығындарды көтеріп алды. Бұл орайда, Әлекеңнің ұрпағы, кәсіпкер Ержан Нұртазинге Қараталдағы ағайын дән риза.

Әлімхандай ұл қазаққа әрдайым керек. Әлекең мүсінін күнде көріп өскен өскіндер арасынан бабаға лайық ұл шығарына сеніміміз кәміл.

Нұрқанат ҚАНАФИН,

«Орталық Қазақстан»

АҚТОҒАЙ ауданы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.