Қалықта, қайсар қыз!

«Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы!». Қайсар Қасымның (Аманжолов) рухты жыры. Қандай ғажап десеңізші?!

Тарих куә. Қазақтың жауласқанын қынадай қырған ұлдарымен қатар, қыздарының ерлігі де – жаһанға жария. Әріде – ат жалын тартып мінгені, беріде ұшақ тізгіндегені бар. Ел басына күн туған сәтте…

Бүгінгі бейбіт заманда әскери ұшақты ұршықтай иірген Ардана БОТАЙ да – қазақтың қайсар қызы. Лейтенант, Балқаш қаласында- ғы №53898 әскери бөлімнің аға ұшқышы. 450 сағаттан астам уақытын әуеде өткерген…

Тым тереңді қазбаламай, өткен ғасырдан ғана сыр тарттық. Екінші дүниежүзілік соғыстың өзіне қазақтың 73 қызы аттанған. Дәрігері, мұғалімі бар. Қатарында өз еріктерімен майдан даласына табан тигізгені қаншама! Олар жеңіске жету үшін ұшқыш та, танкист те, механик те, радист те, барлаушы да, партизан да болды. Жастайымыздан әнге-жырға қосқан, ерлігі елге ұран Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты қазақтың батыр қыздары. Жерлесіміз Дәмелі Жәкееваның өзі бір төбе. Кіші сержант Д.Жәкеева 1942 жылдың тамызы мен 1944 жылдың қаңтары аралығында Сталинград, Оңтүстік және Солтүстік Кавказ майдандарында соғысқан. 1944 жылдың тамызынан бастап Екінші Балтық жағалауы, Ленинград және Бірінші Белоруссия майдандарында ерлік көрсеткен. 360 әскери ұшақты, оның ішінде, «ИЛ-2» ұшағын – 275, «ПЕ-2» ұшағын 85 рет көкке әуелеткен. Соғыс жылдарында қазақ тілінде шығарылған газеттердің өзін- де (мысалға, «Жауға қарсы аттан», «Қызыл әскер ақиқаты» газеттерінде) халқымыздың қайсар қыздарының ерлік шежірелері тәптіштеп жазылған екен…

Кеңес одағының қыз-келіншектерінен құралған әскери құрылымдар, әсіресе түнгі уақытта шабуылды үдете түскен болса керек. Тіптен, жау сарбаздары түнгі мезгілде темекі шегуге жүрексінген. Қызарған шоғымен көзге түсіп қалмау үшін…

«Мен Тоқтар Әубәкіровті үлгі тұтамын. Мінезді, білімге құштар ағаны!». Аспан әлеміне көз тіккен Ардананың сөзі – бұл. – Бірінші- ден, – дейді Ардана, – Менің арғы тегім – Тоқтар ағамыз туған Қарқаралы топырағынан. Екіншіден, Тоқтар Әубәкіров – қазақтың Тұңғыш ғарышкері, ортақ мақтанышымыз!

Арғы тегім деп отырғаны, Ардананың өзінің кіндігі Осакаров ауданы, Молодежный кентінде кесілген екен. Мектеп жасында-ақ мемлекеттік авиациялық орталықта тәлім алып, 40 сағат әуеде қалықтаған. Кейін Азаматтық авиация академиясында біліктілігін арттырып, Ұлттық гвардия қатарына шақырылған. Мұнда «АН – 26» ұшағын тізгіндеген.

Ардана осыдан екі жыл бұрын Балқаш оқу-авиациялық орталығынан әскери ұшақпен алғаш рет жалғыз өзі әуеде 20 минут қалықтап, сынақты сәтті орындады. «Л-39» ұрыс ұшағымен, небары 23 жасында.

Сағатына 760 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшатын «истребительді» икемге келтіру – екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ардана әскери ұшақты тізгіндеуге ниет танытқанда маңайындағылардың көпшілігі күмәнмен қараған болса керек. Жоқ, қайсар қыз сенімді ақтады, көпті таңдандырды, көпке ой салды.

– Кез келген адам жүрек қалауымен мамандығын таңдаса, қолға алған ісіне жауапкершілікпен қараса, жемісін көреді. Мәселен, мен үшін аспан – екінші үйім. Мен үшін Отанға қызмет қылу – үлкен абырой!, – дейді Ардана Ботай.

Қайсар қыздың айтуынша, өзінің басты тірегі, жан-жақты қолдаушысы, әрине, ата-анасы, аға-бауырлары.

Қарапайым, біртоға кейіпкеріміздің жос-пары да ауқымды. Әзірге уақыттың еншісіне қалдырғанды жөн көрді.

Сәттілік тілейік!

Қалықта, қайсар қыз!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

БАЛҚАШ қаласы.