Қаламгер мұрасының қорғаны

Журналист Аманғали Қалжанның 19 ақпан, 2017 жылы «Телегей-теңіз Марал едің…» деген атаумен шыққан естелік жинаққа қатысты Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан кітапты құрастырушының «Сапагерейдің басына мұнара тұрғызған Сүйінбике бола алмасым анық. Ал, менің бар қолымнан келгені осы болды: Маралды тек өз аузыммен ғана емес, оны көрген-білген, әріптес болған адамдардың аузымен бар қырын білдіретіндей етіп, ұрпағына, туған-туыстарына, дос-жарандарына сыйланатын кітап ретінде, кітап түріндегі ескерткішім, атқарылған парызым» деп жазғанын оқып қалдым.

Содан мазам кетіп, құрастырушы апайды көруге құштар болдым.

Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі Мәдени-сауық орталығының алдындағы LED экраннан 2019 жылғы 28 қыркүйекте журналист, аудармашы Марал Хасеннің 75 жылдығына орай, «Пайда ойламай, арды ойлаған» атты еске алу кеші өтетінінен хабардар болып, арнайы барып қатыстым.

Ол жерде Аманғали Қалжаннан өзге Сейітрақым Өтемісұлы бастаған Амандық Рахұлы, Жомарт Оспан, Ерлан Төлеутай, Амангелді Әбжанов және басқа да ағаларымды жолықтырдым. Таныса келе көзімнің жеткені – өзіміз бөтен емес, туыс-ағайын екенбіз. Тек, Марал ағаның елден жырақ кеткеніне көп жыл болған, сондықтан кейінгі жас буын біле қоймасақ та, үлкендеріміз жете танитын болып шықты. Марал атамыз 2016 жылдың 12 тамызында дүниеден озған екен.

Өзі келмеске кеткенімен, шынайы іздеушісі болғанына қатты қуандым. Туыстарыммен таныстым. Содан Рымбала тәтем мені Қарағанды қаласындағы Ж.Бектұров атындағы кітапханада 2019 жылғы 29 қарашада өтуі жоспарланған «Шеберлік пен кемелдік иесі» атты еске алу кешіне шақырды. Тағылымды кеште жан-жақтан жеткен журналистерді және ағаны танитын адамдардың әңгімелерін тыңдап, теңізге бойлап шыққандай әсер алдым.

Марал Хасеннің 75 жылдығын ең бірінші болып Теміртау қаласында ұйымдастырған Руза Алдашева мен Серікгүл Алтайбаеваның, аға рухына арналған кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысу ниетімен Елордадан арнайы келіп, екі ән орындап берген Нәзипа Асқар, туған қарындасындай болған халықаралық журналист Сағат Батырхан және басқа да журналист-жазушылардың айтқандарынан түйгенім: «Зергер шеберлік, телегей-теңіз тереңдік – Марал Хасен атамыздай үлкен дарынға тән қасиет. Құдай берген алапат қуат пен кітап оқудың арқасында өзінің өлмес мұрасын қалдырған. Бұл – бақыт! Бұл – даралық! Бұл – біреулер берген атақ емес, дарындар ғана жететін даңқ!».

Аға сан қырлы талант иесі болыпты. Осы ыңғайда ғалым Жансая Жарылғапов ағамыз айтқандай, «аударма – азапты еңбек, ел мен елдің арасын жалғастыратын алтын көпір. Сондай жауапкершілікті өз мойнына жүктеген ағамыз сюреалистік әдебиетке шейін аударған, әрі қоғамның талғамына, сұранысына ілесіп отырған».

  • Атпал азаматтың осы қоғам аса зәру аударма ісінің үрдісі жалғаса берсе екен, – деді Жансая Жарылғапов.

Ғалым Болат Сыздық «ағаның мүмкіндігі зор екен, әттең, ол кісі өз қуатын «мұхитты» игеруге бағыттамай, тындыруы әбден мүмкін қаншама ісі орындалмай қалғаны өкінішті, –дей келе, «осында қатысып отырған студенттер сондай биіктерге, шыңдарға ұмтылыңдар, етекте аялдап қалмаңдар, шектелмеген нәрсемен айналысу керек» – деп ақыл-кеңес берді. Кешті Ерлан Төлеутай және Ержан Базарбек әдемі әндерімен әрледі.

Иә, жақсы адам – көпке ортақ. Жайсаң жан, алапат аудармашы Марал атамыздың дүниелері қазағымен бірге жасауы үшін оны насихаттауда қажымай әрекет етіп жүрген жары – Рымбала тәтеміздің еңбегі ерекше. Ол – қаламгердің бүкіл жазған-сызғандарының алғашқы оқырманы, епсекті хатшысы бола білген жан әрі асыл мұрасының сақтаушысы.

Өлмейтін ісін, өшпейтін ізін, есепсіз білім-күшін келер ұрпаққа үлгі ету мақсатында қыруар іс тындырып жүр, сол мақсаттағы жоспарлары әлі де жетерлік. Алла апаға күш-қуат берсін!

Атамыздың ғұмырының соңына дейін алтын басын ардақ тұтып, әлі де шаңырағының отын сөндірмей, маздатып отырған, асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап жүрген апайға қаламгердің рухы шат болғай!

Атамызды құрметпен еске алатын халқы бар. Көз майын тауысып, ағамыздың қазынасын әйгілеуден жалықпайтын тәтеміздің ерен ісіне басымды иемін. Қаламгердің әр заты – орын-орнында. Оның бәрін аялап, күтіп-сақтап отырған Рымкеш апамызға Жаратушы ырыснесібесін бере берсін!

2020 жылдың 9 ақпаны күні апам да мерейлі 75 жасқа толатынын біліп, арнайы құттықтап қайттым. Рымбала апа – қазақы салтқа берік, қашан барсаң да, дастарқаны жиылмайтын кеңпейіл адам. Әсіресе, атамыздың сан қырлы өнерін құрметтейтіндерді қуана қарсы алады. Өнер иелері мен қайын жұртын сыйлауы – өз алдына бір мектеп.

Алла Тағала тәтемді ұрпағымен мың жасатса екен! Ортамызда ұзақ жасап, балалардың тек қызығын көрсін! Сыны кетпейтін сырлы аяқтай қалпыңызда жастарды ерекше сәніңізбен, мәніңізбен қарсы алып, аман-сау жүріңіз! Бір балаңыз ретінде Сізге өлшеусіз жақсылық тілеймін!

Мерейлі жасыңыз құтты болсын, менің алтын Тәтем!

Барлық балаларының атынан,

Нұргүл ШАМАЙ.